Торғайда мектептен басталған патриоттық тәрбие

Отан қорғауға жетелейді.

Торғай өңірінде жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу ісі мектеп қабырғасынан жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы арта түсетіні анық.

Ел тыныштығы мен мемлекет тұтастығын қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Осы ұстанымды жас буынның санасына сіңіруде білім ордаларының рөлі ерекше. Соның бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектеп. Мұнда алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәніне қызығушылық жыл сайын артып келеді.

Аталған бағытта еңбек етіп жүрген ұстаз – Дастан Карбозов. Оның айтуынша, бұл пән жасөспірімдерді тәртіпке, жауапкершілікке және елжандылыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

– Алғашқы әскери дайындық – жас ұрпақты Отанын сүюге, елін қорғауға баулитын негізгі пәндердің бірі. Оқушылар саптық дайындықты, қауіпсіздік ережелерін, төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеттерді меңгереді. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек көрсету мен физикалық дайындыққа да баса мән беріледі. Ең бастысы – елін қорғай алатын саналы азамат қалыптастыру, – дейді ұстаз.

Сабақ барысында теориямен қатар практикалық жаттығуларға да ерекше көңіл бөлінеді. Бұл оқушылардың түрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдап, сабыр сақтай білуіне ықпал етеді.

Мектептің 10–11 сынып оқушылары да әскери қызметке қызығушылық танытып отыр. Олар ұстаздарынан әскерге дайындық туралы жиі сұрап, болашақта Отан қорғаушылар қатарынан көрінуді мақсат етеді. Қазіргі таңда 10-сыныпта – 15, 11-сыныпта – 23 оқушы осы пәнді ерекше ықыласпен меңгеріп жүр.

Сымбат КЕНЖЕҒАЛИ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1