Қамыстыда ақ халатқа адал ғұмыр иесі еңбек етуде

 Мейірбике Гүлнар Маликованың еңбекке толы жылдары.

Қамысты өңірінде адам жанының арашасы болып, ақ халатқа адалдық танытып жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – Қамысты аудандық ауруханасының тәжірибелі медицина қызметкері Гүлнар Маликова. Саналы ғұмырын медицина саласына арнап, 31 жыл бойы халық денсаулығын сақтауға үлес қосып келе жатқан маман бүгінде әріптестері арасында сыйлы, тұрғындар арасында құрметке ие жан.

Гүлнар Қайсарқызы Жанкелдин ауданына қарасты Саға ауылында дүниеге келген. Бала күнінен адамдарға көмектесуді армандаған ол мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде медицина саласына қызығушылық танытады. Адам өміріне араша болуды үлкен жауапкершілік деп түсінген бойжеткен өз болашағын ақ халатпен байланыстырды.

Осы мақсат жолында 1992 жылы Арқалық медициналық училищесіне оқуға түсіп, акушерка мамандығын таңдайды. Оқу барысында теориялық біліммен қатар тәжірибелік жұмыстарға белсенді араласып, ұстаздарының сеніміне ие болды. Табандылығы мен ізденімпаздығының арқасында 1995 жылы оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдайды.

Сол жылы жас маман еңбек жолын Қамысты аудандық ауруханасында бастады. Алғашқыда жедел жәрдем бөлімінде фельдшер болып қызмет атқарды. Бұл – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін сала. Күн-түн демей шақыртуларға барып, науқастарға алғашқы көмек көрсеткен жас маман аз уақыт ішінде өз ісінің шебері екенін дәлелдей білді.

Әсіресе ауылдық жердегі медициналық қызметтің қиындығы мен жауапкершілігі зор болатын. Қарлы боранда, жауынды күндері, жол қатынасы қиындаған шақтарда да медицина қызметкерлері халыққа көмек көрсетуден бас тартқан емес. Осындай сәттерде Гүлнар Қайсарқызы адам өмірін бірінші орынға қойып, мамандық антына адал қызмет етті.

1999 жылдан бастап ол перзентхана бөлімінде акушер болып еңбек ете бастады. Бұл кезең оның кәсіби өміріндегі ерекше белеске айналды. Себебі ана мен бала денсаулығына жауап беру – медицинадағы ең күрделі әрі қасиетті міндеттердің бірі.

Жылдар бойы жүздеген сәбидің өмірге келуіне себепкер болған Гүлнар Қайсарқызы талай ананың алғысына бөленді. Толғақ қысқан ананың жанынан табылып, жаңа туған нәрестенің алғашқы дауысын есту – маман үшін ең үлкен бақыттың бірі.

– Медицина саласын өз қалауыммен таңдадым. Осы мамандық арқылы талай жанға көмектестім. Перзентханада жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Әр ана мен әр сәбидің амандығы үшін бар күш-жігеріңді саласың. Кейде ұйқысыз түндер, қиын сәттер болады. Бірақ дүниеге дені сау сәби келген кезде барлық қиындық ұмытылып кетеді, – дейді кейіпкеріміз.

Ол еңбек еткен жылдары медицина саласында түрлі өзгерістер болды. Техника жаңарып, емдеу тәсілдері жетілдірілді. Соған қарамастан тәжірибелі маман заман талабына сай білімін жетілдіріп, кәсіби шеберлігін үнемі арттырып отырды. Әріптестері оның жауапкершілігі мен еңбекқорлығын ерекше атап өтеді.

Кейін аудандық перзентхана бөлімі аурухананың басқа бөлімшелерімен біріктірілген соң, Гүлнар Қайсарқызы стационар бөлімінде медбике әрі акушер ретінде еңбек жолын жалғастырды. Бүгінде де ол науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетіп, жас мамандарға тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Медицина қызметкерінің еңбегі – көзге көріне бермейтін ауыр еңбек. Әсіресе ауылдық жердегі дәрігерлер мен медбикелер халықпен етене араласып, олардың қуанышы мен қиындығын бірге бөліседі. Сондықтан ел ішінде ақ халатты абзал жандарға деген құрмет ерекше. Гүлнар Қайсарқызы да осындай сенімге ие болған маман.

Ұзақ жылғы адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Осы уақыт ішінде ол көптеген марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды. Дегенмен тәжірибелі маман үшін ең үлкен марапат – халықтың ықыласы мен аналардың алғысы.

– Кейде көшеде немесе түрлі жерде бұрын босандырған аналар кездесіп жатады. Қастарындағы балаларын көрсетіп, алғыстарын айтып жатады. Сондай сәтте еңбегіңнің зая кетпегенін түсінесің, – дейді ол тебіреніспен.

Гүлнар Қайсарқызы тек білікті маман ғана емес, өнегелі отбасының ұйытқысы. Жолдасы да Қамысты аудандық ауруханасында зертханашы болып еңбек етеді. Екі бала тәрбиелеп өсірген отбасы үшін еңбек пен адамгершілік – басты құндылықтардың бірі.

Бүгінде медицина саласында 31 жыл еңбек еткен Гүлнар Маликова өз ісіне деген адалдығымен көпке үлгі болып келеді. Ақ халатқа деген құрмет пен мамандыққа деген сүйіспеншілік оны осы биікке жетеледі. Ел саулығы жолындағы еселі еңбегі мен адам жанына деген жанашырлығы – кейінгі жас мамандарға өнеге.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2