Жангелдин ауданы: Теңге тарихы мен қаржы саласының жауапты еңбегі

 Жангелдин ауданының тарихы ел тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңімен сабақтас.

Биыл 15 қарашада аталып өтетін Ұлттық валюта күні – төл теңгеміздің айналымға енген тарихи сәтін еске алып қана қоймай, елдің қаржылық тұрақтылығы жолында еңбек етіп жүрген сала мамандарына құрмет көрсететін ерекше мереке.

Тәуелсіздіктің басты нышандарының бірі – ұлттық валюта. Теңге – еліміздің экономикалық дербестігінің, егемендігінің айқын белгісі. Оның қалыптасу тарихында Торғай топырағынан шыққан азаматтардың да өзіндік үлесі бар. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің алғашқы төрағаларының бірі болған Ғалым Байназаров.

1944 жылы Жангелдин ауданында дүниеге келген Ғалым Байназаров еңбек жолын туған жерінен бастап, кейін ел экономикасының маңызды саласында қызмет етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның дербес банк жүйесін қалыптастыруға атсалысып, ұлттық валютаны енгізу кезеңіндегі жауапты жұмыстарға үлес қосты.

1993 жылғы 12 қарашада ұлттық валютаны енгізу туралы Президент Жарлығы қабылданып, 15 қараша күні таңғы сағат 8:00-де теңге айналымға енді. Бұл – еліміздің экономикалық тәуелсіздігін нығайтқан тарихи шешімдердің бірі. Теңгенің дүниеге келуі бір адамның емес, білікті мамандардың ортақ еңбегінің нәтижесі болды. Осы жауапты кезеңде мемлекеттік қаржы жүйесін қалыптастыруға атсалысқан Ғалым Байназаровтың есімі Торғай жұртшылығы үшін мақтаныш.

Ал ел көлемінде қалыптасқан қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне аудандық деңгейдегі мамандардың да қосар үлесі зор. Бюджетті жоспарлау, қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау, әлеуметтік-экономикалық дамуға қаржылық негіз қалыптастыру – үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін міндет.

Жангелдин ауданындағы қаржы саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан мамандардың бірі – Гүлмира Ұзаққызы. Ол 2002 жылдың ақпан айында аудандық қаржы бөліміне жетекші маман болып орналасып, 2025 жылға дейін осы салада еңбек етті. Жалпы еңбек өтілі – 23 жыл.

Гүлмира Ұзаққызының айтуынша, оның қаржы саласына келуіне сол кездегі бөлім басшысы Анар Ержігітова себепкер болған. Ол кісіні өзінің ұстазы әрі кәсіби бағыт-бағдар берген тәлімгері ретінде ерекше құрметтейді.

«Мен қаржы бөліміне жұмысқа орналасқан кезде бөлімді Анар Ержігітова басқарып отырды. Анар Мұратқызы менің осы салаға келуіме септігін тигізген, көп нәрсені үйреткен апайым, ұстазым десем де болады. Оның айтуынша, өзі бұл салаға 1998 жылы келген екен. 2004 жылға дейін бөлім басшысы қызметін атқарды», – дейді Гүлмира Ұзаққызы.

Аудандық қаржы бөлімінің тарихында әр кезеңде жауапты қызмет атқарған азаматтардың еңбегі бар. 1990 жылға дейін бөлімді Өтеулі Төлебаев басқарса, 1991-1998 жылдары бұл қызметті Нүретден Спабеков атқарған. Кейін бөлім басшылығына Анар Ержігітова келген.

Гүлмира Ұзаққызы еңбек жолында бірнеше басшымен бірге қызмет атқарып, мол тәжірибе жинақтады. Олардың қатарында Ләззат Зейнекина, Дамира Аренова және Ерлан Біржікенов бар. 2020-2025 жылдары қаржы бөлімінің басшылық қызметін атқарып, ұжым жұмысын үйлестіруге, ауданның бюджеттік және қаржылық мәселелерін шешуге атсалысты.

«Осы мекемеде 2002 жылдан 2025 жылға дейін 23 жыл қызмет атқарыппын. Осы уақыт аралығында саланың барлық қиындығы мен қызығына куә болдым. Бірге жұмыс істеген әріптестерімнің көбі бүгінде бұл мекемеде жоқ. Кейін қаржы саласына келген жастармен бірге жұмыс істеуге тура келді. Оларды тәрбиелеп, жинақтаған тәжірибеммен бөлісіп, үйреттім. Сол арқылы ауданымыздың экономикасына өз үлесімді қостым деп білемін. Әлі де осы бағыттағы қызметімді жалғастырып келемін», – дейді ол.

Қаржы саласындағы жұмыс тек сандар мен есеп-қисаптан тұрмайды. Оның артында ауданның әлеуметтік нысандарын қаржыландыру, елді мекендердің дамуы, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды шешімдер жатыр. Сондықтан бұл салада кәсіби біліммен қатар, ұқыптылық, жауапкершілік пен тәжірибе де айрықша маңызға ие.

2025 жылдың ақпан айынан бастап Гүлмира Ұзаққызы Жангелдин ауданы әкімінің экономика саласы жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Қаржы саласында жинақтаған 23 жылдық тәжірибесі бүгінгі жауапты қызметінде де септігін тигізуде.

Ал аудандық қаржы бөлімін бүгінде Ерлан Біржікен басқарады. Мекемеде алты қызметкер еңбек етіп, ауданның қаржылық және бюджеттік жұмыстарын қамтамасыз етіп келеді.

Теңге тарихы – ел тәуелсіздігінің тарихы. Ал қаржы саласының бүгінгі жетістігі – осы жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне үлес қосып жүрген мамандардың маңдай терінің нәтижесі. Тарихи кезеңде ұлттық валютаның қалыптасуына атсалысқан тұлғалардан бастап, аудан бюджетінің тиімді игерілуіне еңбек етіп жүрген бүгінгі мамандарға дейінгі әрбір азаматтың еңбегі құрметке лайық.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Сурет аудан әкімдігінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1