Торғайдың ақжарқын келіні
14 бөлмелі шаңырақты шуаққа бөлеп отыр.
Торғай өңіріне қарасты Шилі ауылының тыныс-тіршілігі сырт көзге мамыражай көрінгенімен, мұндағы әр шаңырақтың өзіндік қарбалас тірлігі бар. Солардың бірі – берекесі тасып, мейманы үзілмейтін Әбілғазиндер әулеті.
Бұл әулеттің отанасы – Ақкүміс Бертишева. Оның жұмыс күні ауыл әлі ұйқыда жатқанда, таңғы сағат 05:00-де басталады. Таңмен таласа тұрып, қорадағы 15 сиырды сауу кейіпкеріміздің күнделікті әдеті. Оған отағасы Қуанышбай Әбілғазыұлы да көмектеседі, бұзауларды байлап, мал азығын әзірлейді.
Отбасы мүшелері сауылған сүтті электрлі сүт тартқышпен тартады. Бабымен бағылған қазақы сиырлар күніне орта есеппен 8 шелек сүт береді екен.
Ақкүміс таңғы шаруасын бітіргенше, үйдегі үлкендер мен қаладан келген немерелер әлі тәтті ұйқыда жатады. Кейіпкеріміз әулеттің үлкендерін ерекше сыйлайды.

«Негізінде қайын ағасы мен абысыны маған ата-енемдей болып кеткен. Үлкендерге құрмет көрсету – отбасымыздың басты ұстанымы», – дейді ол.
Табиғи өнімнен жасалатын ұлттық тағамдардың да орны бөлек. Мұнда сүттен құрт, май және ірімшік әзірленеді. Ең қызығы, бұл өнімдердің бірде-бірі сатылымға шығарылмайды. Бәрі қалада тұратын екі ұлы мен немерелеріне, сондай-ақ қайныларының отбасына үлестіріледі.
«Балалардың, немерелердің қаладан келіп, табиғи, таза өнімді жегені, біз үшін үлкен қуаныш. Ауылдың берекесі де осы емес пе?», – деп ағынан жарылды ауыл келіні.
Әбілғазиндер отбасы 14 бөлмелі еңселі үйде тұрады. Жаз айларында бұл шаңырақ шаттыққа толады: қаладан келген бала-шаға мен немерелердің күлкісі үй ішін жандандыра түседі.

Ақкүміс – тек шаңырақтың ғана емес, ауылдың да белсенді тұрғыны. Ол жергілікті мектепте еден жуушы болып еңбек етеді. Қазіргі уақытта жазғы демалыста болса да, үйдегі қат-қабат шаруадан қолы босамайды.
Бүгінде олардың екі ұлы бар. кенжесі отбасылы, қалада тұрады және ата-анасына екі немере сыйлаған. Ал үлкен ұлы – мұғалім, әлі үйленбеген, ата-анасының жанында.
Үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған Ақкүміс сияқты қарапайым еңбек адамдары – қазақ ауылының шын мәніндегі шырайы мен берекесі.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31