Арбадағы өнерпаз Торғай жұртына рухани кеш сыйлады
Өзінің және анасының еміне қаражат жинап жүрген Азамат Құрманбекұлы халыққа рухани демеу беріп, өмірге деген құштарлықты ояту үшін Қазақстанды аралап жүр.
Ол Жангелдин ауданына арнайы хат жолдап, Торғай жұртшылығына «Мен сені сүйемін, өмір!» атты қайырымдылық-мотивациялық ән кешін ұсынған.
Қиындыққа мойымай, өнері арқылы өзгелерге жігер сыйлап жүрген жандар бар. Солардың бірі – бүгінде Астана қаласында тұратын, Қызылорда облысы Арал ауданының Сексеуіл кентінде дүниеге келген Азамат Құрманбекұлы. Өзі арбада отырса да, өмірге деген сүйіспеншілігін жоғалтпай, ел аралап, ән кештерін өткізіп келеді.
Азаматтың «Мен сені сүйемін, өмір!» атты қайырымдылық-мотивациялық кеші Жангелдин ауданында және оған қарасты ауылдарда ұйымдастырылды. Сужарған секілді ауылдарда да өнер көрсетіп, жергілікті тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй мен рухани әсер сыйлады.
Азаматтың айтуынша, Торғайдан ешкім арнайы шақырту жібермеген. Керісінше, ол Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Алматовқа хат жазып, концерт өткізуге өзі ниет білдірген. Ал аудан тарапынан қолдау көрсетіліп, ұйымдастыру жұмыстарына көмек көрсетті.
«Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Еренбол ағаға хат жолдап, өзім сұранып бардым. Ол кісілер қол ұшын беріп, көмектесті. Және аудан әкімінің орынбасары Гүлмира Ұзаққызы да қолдау білдірді», – деді Азамат.

Өнер иесі Торғай жұртшылығының ықыласына ерекше риза. Оның сөзінше, жергілікті халықтың жылы қабылдауы мен ұйымдастырушылардың қолдауы кештің сәтті өтуіне сеп болған.
Азамат үшін бұл концерттер тек сахнаға шығып, ән орындаумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – тыңдарманға ой салу, ата-ананың қадірін ұғындыру, өмірдің бағасын сезіндіру және қиындыққа қарамастан алға ұмтылуға жігер беру. Ән кешінің құрылымы да осы идеяға негізделген. Алғашқы бөлімінде өмір туралы әндер орындалса, орта тұсында әке мен анаға арналған шығармалар шырқалады. Ал кештің соңғы бөлігі көңілді әндерге ұласып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Азаматтың жеке авторлық әндері болмаса да, өзі сүйіп орындайтын әндері арқылы халықтың жүрегіне жол тапқысы келеді. Оның айтуынша, әндерін тыңдарман да ықыласпен қабылдайды.
Бұл сапарлардың Азамат үшін тағы бір маңызды мәні бар. Ол өзі де мүмкіндігі шектеулі жан, арбада отырады. Ал анасы – бірінші топтағы мүгедек, қос жанары көрмейді. Қайырымдылық кештерінен түскен қаражат Азаматтың өзінің және анасының еміне жұмсалуы үшін жиналып жатыр. Оның ең үлкен армандарының бірі – Алланың қалауымен анасын ертіп, қасиетті Мекке мен Мәдинаға бару. Алайда Азамат өз мақсатына жетудің жолын өзгелерге қол жайып, көмек сұраудан емес, өнері арқылы халыққа пайдасын тигізуден іздейді. Ол ел аралап, концерт қою арқылы бір жағынан емге қажетті қаражат жинаса, екінші жағынан адамдарға мотивация беріп, ата-ананы қадірлеуге және өмірді сүюге шақырып жүр. Әрине, жол оңай емес. Кейде денсаулығы сыр беріп, жоспарланған концерттері уақытша тоқтап қалады. Соған қарамастан, ол мүмкіндігінше Қазақстанның әр өңірін аралап, ән кештерін жалғастыруға ниетті.

Азамат Құрманбекұлы Торғай сапарын ризашылықпен еске алады. Оның айтуынша, Жангелдин ауданының басшылары мен жергілікті жұртшылықтың қолдауы оған үлкен демеу болған. Өнер иесі Торғай халқына, аудан басшылығына және ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
«Менің мақсатым – халыққа рухани кеш сыйлау, өмірге құштарлық ояту, ата-ананың қадірін түсіндіру. Торғайдың халқы өте керемет қабылдады. Жангелдин ауданы әкімдігінің басшыларына рақмет! Барлығы керемет өтті», – дейді ол.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Сурет Азамат Құрманбектің жеке архивінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31