Торғайда Бидайық ауылының 45 жылдығы дүбірлі тоймен аталып өтті

 Мерейтой аясында ауыл тұрғындары туған жерге тарту жасап, ұлттық спорт пен өнерді ұлықтады.

Алаштың ардақты перзенті, ұлт руханиятының ұлы тұлғасы Міржақып Дулатұлының мәңгілік мекеніне айналған Бидайық ауылында елді мекеннің 45 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Дүбірлі думан ұлттық құндылықтарды ұлықтаған тағылымды шаралармен өріліп, ауыл азаматтарының туған жерге деген перзенттік парызы мен ыстық ықыласын айшықтады.

Мерекелік шара Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының рухына Құран бағыштаудан басталды. Жұртшылық ұлт зиялысының кесенесіне барып, сондай-ақ ауылдың іргесін қалап, елді мекеннің дамуына үлес қосқан азаматтардың рухына дұға бағыштады.

Бұдан кейін көпшілік Міржақып Дулатұлының мұражайын аралап, Алаш ардақтысының өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлермен танысты. Мұражай меңгерушісі Нағашыбай Аралұлы тарихи деректерді таныстырып, тағылымды әңгімелер айтты.

1981 жылы егін шаруашылығын дамыту мақсатында бой көтерген Бидайық бүгінде өзіндік тарихы мен дәстүрі қалыптасқан елді мекенге айналған. Ауылда мектеп пен мұражай жұмыс істейді. Көшелерге асфальт төселіп, ұялы байланыс пен интернет қолжетімділігі қамтамасыз етілген.

– 1981 жылы осы Бидайық ауылының іргетасы қаланды. Негізгі мақсат – жерінің құнарлылығын пайдаланып, егін шаруашылығын дамыту еді. Бүгінде мектеп пен мұражай жұмыс істеп тұр. Көшелерге асфальт төселді, ұялы байланыс орнатылды. Ауылдық жерлер үшін ең қажетті дүниелердің бірі – жол сапасы, интернет пен ұялы байланыстың тұрақты жұмыс істеуі, – деді Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев.

Мерейтойға ауылдан түлеп ұшқан азаматтар да атсалысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тойға дайындық жұмыстары екі-үш ай бұрын басталған. Басты мақсат – ұрпақтар сабақтастығын жалғап, Бидайықтың тарихын кейінгі буынға аманаттау.

– Бидайық елінің азаматтары, тұрғындары, олардың ұрпақтары – балалары мен немерелері осы Торғайда осындай ауыл бар екенін білсе екен деген ниет болды. Әсіресе жастарға, балаларға Міржақыптың елінде, шағын ғана Бидайық ауылында осындай тағылымды іс-шараның өтіп жатқанын көрсеткіміз келді, – деді мерейтойды ұйымдастырушылардың бірі Асхат Қисықов.

Туған жерге тарту ретінде ауыл балаларына арналған заманауи ойын алаңы салынды. Сондай-ақ елді мекеннің көркіне көрік қосқан «I Love You, Бидайық» арнайы тақтасы орнатылды. Жаңа нысанның лентасы қиылып, ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар шашу шашты.

Мерекеге жеті киіз үй тігіліп, 300-400-ге жуық адам жиналды.

– Ауылымыздың жас бүлдіршіндеріне жеті элементтен тұратын ойын алаңын салып беріп жатыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Балаларымыз мектеп алдындағы таза ауада ойнап, көңіл көтеретін болады. Жалпы, тойымыз өте мәнді әрі сәнді өтіп жатыр, – деді Қызбел ауылдық округінің әкімі Қайсар Нұрғазин.

Мерейтойдың көркін ұлттық спорт түрлері де қыздырды. Үш салмақ дәрежесінде өткен қазақ күресіне Қостанай, Қарағанды, Алматы, Астана қалаларынан және өңірдің әр түкпірінен 90 балуан қатысты.

70 келі салмақта бірінші орынды астаналық Ерсайын Жанат иеленсе, екінші орынға торғайлық Қамай Еламан, үшінші орынға арқаулық Ашықбай Ақжол жайғасты.

90 келі салмақта Арқалықтан келген Қуанышбек Иманжүсіп топ жарды. Екінші орын Сәлімжан Нұрсұлтанға, үшінші орын Қазамбек Ақжолға бұйырды.

Ал «Түйе палуан» аталымында торғайлық Бекзат Жақсылық қарсыластарынан басым түсіп, бас жүлдені иеленді. Екінші орын Сәлімжан Нұрсұлтанға, үшінші орын Қуанышбек Иманжүсіпке берілді.

– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Мұнда жай ғана спортшылар емес, әр жерде жүлде алып, өз мықтылығын дәлелдеген балуандар жиналды. Финалда Нұрсұлтан есімді арқаулық балуанмен кездестім. Ол да тәжірибелі, күресте өзіндік нәтижелерін көрсетіп жүрген мықты палуан, – деді Бекзат Жақсылық.

Қазақтың төл өнері – айтыс та мерейтойдың сәнін келтірді. Арнайы шақырылған арқалы ақындар Айбек Қалиев пен Бекарыс Шойбекев сөз сайысына түсіп, ел мен жердің қасиетін жырға қосты.

Сонымен қатар ауылдың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтарға «Бидайық – 45 жыл» мерекелік төсбелгісі табысталды. Ал ат бәйгесінде шабандоздар жүйріктерін баптап, қыр төсінде бақ сынады.

Бір кездері егіншілік мақсатында бой көтерген Бидайықтың бүгінде өзіндік тарихы, тағылымы мен дәстүрі қалыптасқан. Алаштың аяулы перзенті Міржақып Дулатұлының мәңгілік мекеніне айналған ауылдың әр белесі – ел тарихының бір парағы.

Бидайықтың 45 жылдығы – өткенге тағзым етіп, бүгінге шүкіршілік айтып, келешекке аманат қалдырған тағылымды мереке болды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

 

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 5