Қамысты ауданында тұрғын үйлер салуға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды

 Қамысты ауданында тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту және ауылдық елді мекендерге қажетті мамандарды тарту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. 2026 жылғы 17 қарашадағы мәлімет бойынша, ауданда 214 азамат тұрғын үй кезегінде тұр.

Осы мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін биыл жалпы ауданы 3 700 шаршы метр болатын 57 пәтер салу және қайта жаңарту жоспарланған.
Аталған мақсаттарға 1 миллиард теңгеден астам қаражат бағыттау көзделіп отыр. Оның ішінде облыстық бюджет есебінен 856 миллион теңгеге 23 екі пәтерлі тұрғын үй салынады. Жалпы ауданы 2 960 шаршы метрді құрайтын бұл нысандарда 46 пәтер болады.

Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен төрт үй немесе төрт пәтер салу жоспарланған. Бұдан бөлек, 320 миллион теңгеге жалпы ауданы 740 шаршы метр болатын жеті үй қайта жаңғыртылмақ.

Жобалардың ерекшелігі – жаңа тұрғын үйлер салумен қатар, қолданыстағы ғимараттарды қайта жаңарту жұмыстарының да қолға алынуы. Бұл тәсіл құрылысқа жұмсалатын шығынды оңтайландырып, тұрғын үй қорын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңғыртылған баспаналарды ауданның ауылдық елді мекендеріне қажетті мамандарға ұсыну көзделген.

Аудан әкімі Ерлан Жаулыбаевтың айтуынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды.

«Біздің басты мақсатымыз – тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесін кезең-кезеңімен шешіп, ауданда қолжетімді баспана санын арттыру. Бұл ретте жаңа тұрғын үйлер салумен қатар, қолданыстағы ғимараттарды қайта жаңғыртуға да басымдық беріп отырмыз. Мұндай тәсіл қаржыны тиімді пайдалануға және қысқа мерзімде қосымша тұрғын үй қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауылдық елді мекендердің дамуы үшін қажетті мамандарды баспанамен қамтамасыз ету маңызды. Әсіресе, әлеуметтік сала қызметкерлерін ауылдарға тарту және олардың тұрақтап қалуына қолайлы жағдай жасау бағытында тұрғын үй мәселесінің рөлі ерекше», – деді аудан әкімі.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1