Жангелдин ауданында 380 оқушыға мектепке дайындалу үшін қаржылай көмек берілді
Жалпыға бірдей білім беру қоры туралы білесіз бе?
Қостанай облысында жаңа оқу жылына дайындық аясында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. Жангелдин ауданында 380 оқушыға жалпы 19,3 миллион теңге бөлінген.
Биыл Қостанай облысында жалпыға бірдей білім беру қорынан 9 717 балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға 826 миллион теңге қарастырылған.
Жангелдин ауданында 380 балаға 19 323 380 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бір балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері – 50 851 теңге. Қаржылай қолдау науқаны 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Бөлінген ақша ата-аналардың немесе баланың заңды өкілдерінің жеке банк шоттарына аударылады. Қаражат түскеннен кейін оны мектепке қажетті киім-кешек, аяқ киім, кеңсе тауарлары және басқа да қажетті заттарды сатып алуға жұмсауға болады.
Ата-аналар тауарларды белгілі бір дүкеннен ғана сатып алуға міндеттелмейді. Олар баласына қажетті заттарды өз қалауы бойынша таңдап, бағасы мен сапасын салыстыра алады.
Кімдер көмек ала алады?
Жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты әлеуметтік осал санаттарға жататын балаларға беріледі. Олардың қатарында:
- атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары;
- жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары;
- жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- төтенше жағдайлардан зардап шеккен отбасылардың балалары;
- мектептің алқалы органы шешімімен көмекке мұқтаж деп танылған өзге де санаттар бар.
Ата-аналар алдымен баласы оқитын мектеп әкімшілігіне, сынып жетекшісіне немесе әлеуметтік педагогке жүгінуі керек. Олар көмек алуға қажетті талаптар мен құжаттар туралы ақпарат береді.
Өтінішті eGov.kz порталы немесе мобильді қосымша арқылы да беруге болады. Ол үшін «Білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылай және материалдық көмек көрсету» қызметін таңдау қажет.
Өтініш берген кезде отбасының әлеуметтік жағдайын растайтын құжаттар мен қаражат түсетін банк шотының деректері көрсетіледі.
Жангелдин ауданының тұрғыны, бес бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Галя Губайдуллина да осы көмекке құжат тапсырған.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық кезінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау отбасы үшін маңызды.
«Мемлекеттің, аудан басшылығы мен білім саласы қызметкерлерінің көрсетіп жатқан бұл қамқорлығы біз үшін өте үлкен көмек. Жалғызбасты ана ретінде бес баланы оқытып, киім-кешекпен, қажетті құрал-жабдықпен қамту оңай емес. Осындай қолдаудың бар екеніне және балаларымыздың назардан тыс қалмайтынына алғысым шексіз», – деді Галя Губайдуллина.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суретті түсірген – автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31