Қамыстыда оқушыларға трактор жүргізуді мектепте үйретпек

Ауданда агросыныптар ашылып, ауыл балалары мектеп қабырғасынан-ақ болашақ мамандығына дайындала бастады

Қамысты ауданында ауыл мектептерінде агросыныптар ашылып жатыр. Жоба оқушыларды ауыл шаруашылығы саласының мамандықтарымен ерте таныстырып қана қоймай, өндірістегі нақты жұмыс үдерістерін көрсетуге бағытталған. Алғашқы агросынып 2025 жылдың қыркүйегінде Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектепте ашылды. Жоба мектеп пен «Алтынсарин» ЖШС арасындағы ынтымақтастық негізінде жүзеге асып жатыр. Сабақтар аптасына бір рет өтеді.

Оқушылар теориямен шектелмей, тікелей шаруашылыққа барып, ауыл шаруашылығы техникасының жұмысын көріп, өндірістің қалай ұйымдастырылатынымен танысуда. Сабақтарға Қазақстанның Еңбек ері, аграрлық саланың тәжірибелі маманы Борис Князев те қатысып, оқушылармен өз тәжірибесімен бөлісуде.

Жобаның алғашқы нәтижесі де бар. Мектептің екі түлегі аграрлық бағыттағы мамандықтарға оқуға түскен.

Агросыныптардың келесі кезеңінде оқушыларды нақты біліктілікке даярлау көзделіп отыр. Белгіленген жоспарға сәйкес, 2029 жылға қарай мектеп оқушыларына тракторшы-машинист куәлігін алуға мүмкіндік жасау жоспарланған. Бұл бастама ауданның басқа мектептеріне де тарайды. 25 қазанға дейін №1 жалпы білім беретін мектеп базасында жаңа агросынып ашу жоспарланған. Жобаны ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкер Төремұрат Өтепов бастаған «Қайрат» ПКФ» ЖШС қолдайды.

Мектеп директоры Иманоглы Намиктің айтуынша, жаңа сыныпта 7–11 сынып оқушылары білім алады. Қазір кабинет жабдықталып жатыр, оқу жылы басталғаннан кейін сабақ жүктемесі нақтыланады.

«Бізде агросынып емес, студия болады», – деді мектеп директоры.

Қамысты ауданында ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі бағыттарының бірі саналады. Сондықтан мектеп басшылығы мен аудан әкімдігі кәсіптік бағдарды ерте жастан бастаудың маңызын атап отыр.

Аудан бойынша қазір 12 мектепте 1342 оқушы білім алады. Оның 8-і – жалпы білім беретін, 4-еуі – негізгі орта мектеп.

Агросыныптармен қатар, мектептердің материалдық-техникалық базасы да жаңартылып жатыр. Мәселен, Красный Октябрь жалпы білім беретін мектебінде 10 миллион теңгеге жаңа модификациядағы химия кабинеті жабдықталған.

Қамыстыдағы жаңа жоба ауыл балаларына мамандықты тек кітаптан оқып қоймай, оны өндірістің ішінде көруге мүмкіндік бермек. Ал мектеп пен шаруашылықтың мұндай серіктестігі болашақта ауданға қажетті агроном, инженер, ветеринар, механизатор және басқа да мамандардың қалыптасуына жол ашуы мүмкін.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді жолдаған аудандық білім бөлімі


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3