Өнерге өріс берген тағылымды сапар

Соналы ауылының мәдени өмірін жандандырып, өнерпаздарға тәжірибелік қолдау көрсету туралы ауыл ақсақалы Қаппас Бекмағанбетовтің өтініші облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Дамир Қалқаевтың қолдауына ие болды.

Осы бастаманың нәтижесінде облыстық орталықтың мамандары Сарыкөл ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, Соналы елді мекенінің мәдениет саласына әдістемелік-практикалық көмек көрсетті.

Сапар барысында ауылдағы мәдени шараларды ұйымдастыру, шығармашылық ұжымдардың жұмысын жандандыру және жергілікті өнерпаздарға бағыт-бағдар беру мәселелері қамтылды. Мәдениет саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, шығармашылық жұмыстарды дамыту, іс-шаралардың мазмұнын арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Облыстық орталық мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, мәдени шараларды ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін көрсетті.

Сапардың маңызды бөлігі – Соналы ауылының тұрғындарына арналған «Ауылым – алтын бесігім» атты концерттік бағдарлама болды. Кеш барысында туған жерді дәріптеген әндер шырқалып, ұлттық өнердің таңдаулы туындылары орындалды.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлері әдістемелік жұмыстармен қатар, өздері де өнердің бірнеше жанрын меңгерген шығармашыл жандар. Олар ауыл тұрғындарына әннен шашу шашып, жырдан өрнек өрді.
Алдағы айда аталып өтетін Ұстаздар күні мен Қарттар күніне орай концерт барысында ұстаздарға алғыс, аға буынға құрмет білдіретін әндер мен жырлар орындалды. Әуезді ән мен мағыналы жыр тоғысқан кеш ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ауыл ақсақалының бастамасы мен облыстық орталық мамандарының қолдауы өзара сабақтасып, Соналыдағы мәдени шараның мазмұнды өтуіне мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер ауыл өнерпаздарының тәжірибесін арттырып, жергілікті мәдени өмірдің жандануына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Руслан ӘЛКЕЕВ
Суреттерді ұсынған мектеп ұжымы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 4