Қамыстылық ауыл шаруашылығы маманы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды
Алтынсарин ауылының тұрғыны, «Алтынсарин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас агрономы Әбіл Балмағамбетов ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
Мемлекеттік награда ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі мен көп жылғы еңбегі үшін табысталды.
Қазан айында Республика күні мен Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік наградаларға ие болды. Олардың қатарында Қамысты ауданының еңбеккері Әбіл Балмағамбетов те бар. Марапатты оған Ақордада Президент табыстады.
Әбіл Балмағамбетов – Алтынсарин ауылының тумасы. Ол Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Агрономия» мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі уақытта «Алтынсарин» ЖШС-де бас агроном болып еңбек етіп жүргеніне 14 жылдың жүзі болды.
Маманның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстың нәтижесі тек тәжірибеге ғана емес, ауа райының ерекшелігін ескеріп, агротехникалық талаптарды дұрыс орындауға да байланысты.
«Бұл марапатты алғанда қатты қуандым. Еңбегіміздің еленгеніне, мемлекет тарапынан осындай құрмет көрсетілгеніне ризамын. Бұған дейін облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарын алған едім. Бірақ Президент қолынан мемлекеттік награда алу – мен үшін ерекше қуаныш. Ауылда тұрып, осында еңбек етіп жүрген адамдар үшін еңбегінің бағалануы үлкен мәртебе», – деп қуанышымен бөлісті Әбіл Балмағамбетов.
Оның сөзінше, шаруашылықта егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да дамып келеді. Серіктестік алқаптарында 15 түрлі бидай сорты өсіріледі. Сонымен бірге күнбағыс, мақсары, мал азығына арналған жүгері, арпа және сұлы егіледі.
«Ұжым болып бірлесіп жұмыс істейміз. Егіннің өнімді болуы үшін жерді тиімді пайдаланып, тыңайтқыш енгізіп, барлық агротехникалық талапты сақтауға тырысамыз. Ауыл шаруашылығында бір адамның еңбегі жеткіліксіз, мұнда бүкіл ұжымның ауызбіршілігі маңызды», – деді бас агроном.
«Алтынсарин» ЖШС Қамысты ауданындағы ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі саналады. Шаруашылық егін өсірумен қатар мал шаруашылығын да қатар дамытып отыр. Кәсіпорында бес мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңы бар.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені – Әбіл Балмағамбетовтің ауыл шаруашылығы саласындағы көпжылдық адал еңбегіне берілген жоғары баға. Бұл марапат дала төсінде еңбек етіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген мамандарға көрсетілген құрметтің бір көрінісі.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Сурет кейіпкердің өзінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31