Қарасулық педиатр кішкентай пациенттердің шынайы жанашыры

 Қарасу аудандық ауруханасының педиатры Айсұлу Яковлева кішкентай пациенттердің қамқоршысына айналған жан.

Аталған салада 8 жылдық еңбек тәжірибесі бар маман қызметін ерекше құрметтейді.

Бүгінде оның жұмыс істейтін учаскесінде 1394 бала тіркелген. Сондай-ақ 10 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсетеді. Қазір қарасулық балғындардың ата-анасы Айсұлу Яковлеваға сенім артады. Баласы түшкіріп, танауынан су аға бастаса педиатр Айсұлуға жүгіреді. Алайда ауру меңдеп, дерт асқынғанша жүретін, асықпайтын ата-аналар да бар екен. Оны дәрігердің өзі де растап отыр.

-Кез-келген нәрсенің алдын алған дұрыс. Асқынған соң емдеу мерзімі ұзақ әрі күрделене түседі. Бастапқыда бетін қайтарып, дер кезінде қолға алған жөн. Өкінішке қарай,  көбінесе тұрғындар бұл заңдылықты ескере бермейді. Салдарынан бала денсаулығына ауыр залалы тиіп жатады,-деген педиатр ересектердің жіберетін қателігін тізбектеп берді.

Біздің жадымыздан шығып кететін басты ереже – немқұрайлылық. Баламыз аздап жөтеле бастаса елемей жүре береміз. Артынша ол күшейіп кетеді.  Кейде дәріханадан өз білгеніміз бойынша дәрі-дәрмек сатып алып, балаға береміз. Тезірек сауықсын деген ниетпен антибиотикке жүгіреміз. Интернеттен көрген, естіген емдеу тәсілдерін, әсіресе медицинада мақұлданбаған халықтық емдеу әдісін қолданатынымыз да рас. Асылында оның бәрі бала денсаулығына кері әсерін беріп, зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан медициналық мекемеге барып, дәрігердің қабылдауына жазылған дұрыс.

-Тағайындалған ем-домды мерзімінен ерте аяқтайтын ата-аналар бар. Емдеу курсын толық алмайды. Мұндай ұстаным педиатрлардың қазіргі «бас ауруы» десек қателеспеймін. Ата-ана баланың денсаулығын сақтауда өте жауапты роль атқарады. Басты жауапкершілік ата-аналардың мойнында. Тамақтану, гигиена талаптары, физикалық белсенділік, ұйқы режимі бәрі отбасында қалыптасады. Сол себепті баланың күнделікті жағдайын назарда ұстап, өзгеріс байқалса бірден медициналық көмекке жүгінген маңызды. Қарасу ауданының тұрғындары көбінесе жедел респираторлық вирустық инфекция өршіген маусымда бізге көбірек жүгінеді. Әсіресе күзгі, қысқы мезгілдерде,-дейді ол.

Сондай-ақ баланы кішкентайынан профилактикалық тексерістен өткізіп, вакциналау мерзімін жіберіп алмауды еске салады.  Қазір күн суытты. Қар жауып, біресе еріп ауа-райы тұрақсыздық танытуда. Мұндай кезде баланы күн райына сәйкес киіндіріп, жеке бас тазалығын сақтаған жөн. Бөлмені жиі желдетіп, ауаны жаңартып отырған жақсы. Баланың ұйқысын қадағалап, толықанды демалуына жағдай жасаған дұрыс. Тамақтану режиміне көңіл бөліп, дәруменге бай, пайдалы ас берген абзал. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған сәтте-ақ дәрігердің қабылдауына жазылсаңыз қандай жақсы. Ең маңыздысы дер кезінде екпе жасату.

-Бала ағзасы үздіксіз жетілу, даму, өсуі үстінде. Сондықтан баланың физикалық, психикалық ерекшеліктерін, жас нормасын әрқашан есепке алуға міндеттіміз. Дәрі-дәрмек дозасын баланың барлық ерекшеліктері мен салмағына, мүмкіндігіне сәйкес тағайындаймыз. Әр бала – бөлек әлем, жеке тұлға. Бүлдіршіндер қай жері ауырып тұрғанын нақты айта алмай, түсіндіре білмеуі мүмкін. Біз асқан байқампаздықпен қарап, дұрыс диагноз қоюға барымызды саламыз. Әр балаға көмектесуді қалап тұрамын. Денсаулығына қамқорлық танытып, аман-сау өсуіне бағыт беруге тырысамын. Диагнозды дәл қойып, емдеу жолын дұрыс белгілеуден бөлек балаға жақсы көңіл күй, жайлы жағдай жасау маңызды. Бала менің қабылдауыма келгенде үрейленбеуі керек. Ал ата-анасы өзін сенімді сезінгені дұрыс,-деп сөзін түйіндеді педиатр.

Балалар дәрігері Айсұлу Яковлеваның күнделікті жұмыс тәртібі осы ұстанымдарға негізделген. Оның әр күні ізденіспен өтеді. Өйткені әр бала әр түрлі жаратылыс. Бала жаны мен тәнінің саулығына сақшы болу оңай ма!.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2