Қамысты ауданына бес отбасы қоныс аударды

 Қамысты ауданында еңбек ресурстарының тапшылығын азайту, жергілікті кәсіпорындар мен мекемелердің кадрларға қажеттілігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Осы мақсатта 2026 жылы еңбек күші артық өңірлерден азаматтарды ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында ауданға жаңа отбасыларды тарту жұмыстары жалғасты.

2026 жылға арналған өңірлік қабылдау квотасы бойынша Қамысты ауданына барлығы 25 адамнан тұратын 5 отбасы қоныстанды. Олардың 16-сы Қызылорда облысынан, 3-еуі Жетісу облысынан, ал 6 адам Астана қаласынан келген.

Аудан әкімі Ерлан Жаулыбаевтың айтуынша, қоныс аударушыларды қабылдаудағы басты мақсат – ауданның еңбек әлеуетін арттырумен қатар, жергілікті ұйымдардың білікті мамандарға деген сұранысын қамтамасыз ету.

«Қоныс аударушыларды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілді. Еңбекке қабілетті азаматтардың барлығы ауданымыздағы бос жұмыс орындарына және мекемелердің қажеттіліктеріне сәйкес жұмысқа орналастырылды. Бұл – бір жағынан, ауданымыздағы кадр тапшылығын толықтыруға, екінші жағынан, жаңа тұрғындардың тұрақты еңбекпен қамтылып, жергілікті қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді», – деп атап өтті аудан әкімі.

Бүгінде жаңа тұрғындар қосымша білім беру педагогі, мейіргер, ағаш ұстасы, курьер және электргазбен дәнекерлеуші мамандықтары бойынша еңбек етуде.

Қоныс аударушылардың жаңа мекенге орнығуына қолайлы жағдай жасау мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылған. Атап айтқанда, көшіп келуге байланысты жалпы сомасы 4,2 млн теңге көлемінде субсидия төленді. Сонымен қатар төрт отбасына тұрғын үй сатып алу үшін жалпы сомасы 27,2 млн теңгеге экономикалық ұтқырлық сертификаттары берілді.

Бұл қолдау шаралары отбасылардың баспана мәселесін шешіп қана қоймай, жаңа тұрғылықты жерге тезірек бейімделуіне жол ашты.

Қамысты ауданында қоныс аудару бағдарламасы – тек халық санын арттыру емес, сонымен қатар еңбек нарығын қажетті мамандармен толықтыруға, ауылдық елді мекендердің әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Жаңа тұрғындардың тұрақты жұмысқа орналасып, баспаналы болуы ауданның дамуына қосылған нақты үлес болып отыр.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3