Қамысты ауданында заманауи «Қамысты Арена» дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанда бүгінде жүзден астам бала мен ересек спортпен айналысып жүр.
Қамысты ауданында бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындарды салауатты өмір салтына тартуға басымдық беріліп келеді. Соның бір көрінісі – аудан орталығында жаңадан ашылған «Қамысты Арена» спорт кешені.
Екі қабатты нысанның жалпы аумағы 2 мың шаршы метрге жуық. Құрылысына 854 миллион теңгеден астам қаражат бағытталған. Кешен заманауи спорттық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Мұнда футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, мини-футбол, күрес, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат және асық атудан жаттығулар өткізіледі. Сондай-ақ тренажер және фитнес залдары бар.
Жаңа нысан күніне шамамен 50 адамды қабылдауға қауқарлы. Жобаның іске асуы нәтижесінде жеті тұрақты жұмыс орны ашылған.
Қазір кешенде жүзден астам адам спортпен тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде балалардың үлесі басым.
Үстел теннисі бағытында жаттығу жүргізетін нұсқаушы Дәурен Жамалиденұлының айтуынша, бұл спорт түріне ауыл балаларының қызығушылығы жоғары.
«Бірінші мамандығым – ұстаздық. Бұған дейін мектепте жұмыс істедім. Бала кезімнен спортқа жақын болдым, ауылда футбол ойнадым. Кейін үстел теннисіне ден қойдым. Балаларға ракеткалар алып, өзім үйретіп жүрдім. Қазір үш үстел бар, әрқайсысында төрт баладан жаттығуға болады. Кейде одан да көп бала келеді. Дайындығымыз жаман емес, жарыстарға да барып тұрамыз», – дейді нұсқаушы.
Оның сөзінше, балалар тек үстел теннисімен шектелмейді. Жаттығу барысында олардың басқа спорт түрлеріне де қызығушылығын арттыруға көңіл бөлінеді.
«Жалғыз тенниспен бала айналысып қалмауы керек. Қызығушылығын дамыту үшін басқа спорт түрлеріне де жаттықтырамыз. Аудандық және облыстық жарыстарда балаларымыз жүлделі орындарға ие болып жүр. Алдағы уақытта Қостанайда салынып жатқан үстел теннисі орталығына баруды жоспарлап отырмыз. Теннисшілерге жағдай жасалып жатқанына қуаныштымыз», – дейді Дәурен Жамалиденұлы.
Жаттықтырушы ауыл балаларының бірнеше спорт түрін қатар меңгеруге мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
«Біздің балалардың ерекшелігі – үш-төрт спорт түрін қатар алып кете алады. Қызығушылықтары жоғары. Жарыстарға апарып, тәжірибе жинақтауға тырысамыз. Қаладағы балалар кей спорт түрімен ертерек айналыса бастайды. Сондықтан ауыл балаларына психологиялық жағынан да қолдау көрсетеміз», – дейді ол.
Қамысты ауданында спорттық инфрақұрылымның дамуы соңғы жылдары қарқын алған. Қазір ауданда тұрғындарға қызмет көрсететін 76 спорт нысаны бар. Жыл басынан бері 253 спорттық-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 7 мыңнан астам тұрғын қатысқан.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Жангелдин ауданында жыл басынан бері қаржылық алаяқтық бойынша бір қылмыстық іс тіркелген. (далее…)
Қазақстандық білім беру саласының басымды бағыттарының бірі – инклюзивтік. (далее…)
Как сообщила пресс-служба Департамента полиции, по факту ДТП на автодороге «Костанай — Алматы — Екатеринбург»,…
Первый Международный Сабантуй на Южном Урале объединил традиции, современную культуру и представителей четырёх государств. 13…
В рамках проекта «Профилактика буллинга среди обучающихся школ» состоялись две встречи: в Карасуской центральной библиотеке…
Во время встречи каждому обратившемуся подробно объяснили, с чего начать и куда обращаться в случае…
This website uses cookies.