Биыл 1221 бала жазғы демалыспен қамтылады.
Қамысты ауданында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Биыл аудан бойынша 12 мектеп жанындағы лагерь өз жұмысын 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде бастайды. Дәстүр бойынша алғашқы күні лагерьлерде мерекелік концерттер, спорттық жарыстар, ойын-сауық бағдарламалары мен шығармашылық шаралар ұйымдастырылады.
Қамысты ауданы білім бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Диляра Махмудованың айтуынша, биылғы жазғы маусым балалардың тек демалып қана қоймай, танымын кеңейтіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуына бағытталмақ. Әсіресе қауіпсіздік мәселесіне басымдық беріліп отыр.
2026 жылғы жазғы маусымда лагерьлер жұмысы «Адал Азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясындағы «Заң мен тәртіп» идеологиясымен сабақтасқан «Таза Қазақстан» және «Жасыл сабақтар» жобалары негізінде жүзеге асады. Соған сәйкес жаз бойы оқушылар үшін экологиялық акциялар, сенбіліктер, табиғатты қорғауға бағытталған жобалар, танымдық кездесулер, шығармашылық байқаулар мен спорттық ойындар өткізу жоспарланған.
Мамандардың пікірінше, мұндай шаралар балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, қоғамдық тәртіпті құрметтеуге және белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді.
Диляра Махмудованың айтуынша, биыл аудан бойынша 1221 оқушы түрлі сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамту бағдарламаларымен қамтылады.
– Балалардың жазғы демалысын тек көңілді ғана емес, мазмұнды әрі қауіпсіз өткізу – біздің басты міндетіміздің бірі. Сондықтан лагерьлерде экологиялық тәрбиеге, құқықтық сауаттылыққа және азаматтық жауапкершілікке бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалады, – дейді әдіскер.
Жазғы науқанды жоғары деңгейде ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 12 мамыр күні аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен барлық 12 лагерь өкілдерінің қатысуымен арнайы семинар-кеңес өткізілді.
Кездесуге төтенше жағдайлар қызметі, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және полиция бөлімінің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Марат Бисахалов, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет басшысы Мадина Рахимжанова және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор Айнұр Шунукова жазғы лагерьлердегі қауіпсіздік талаптары жөнінде баяндама жасады.
Жиын барысында лагерь аумағындағы өрт қауіпсіздігі, санитариялық талаптарды сақтау, балалар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, алғашқы медициналық көмек көрсету, азық-түлік қауіпсіздігі және судағы қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды.
Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде төтенше жағдайлар қызметі, санитариялық бақылау органдары мен полиция бөлімшелері білім беру ұйымдарымен тұрақты байланыста жұмыс істейді. Олар лагерьлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға алады.
Сонымен қатар балалардың жазғы уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі спорттық сайыстар, мәдени-көпшілік шаралар, кітап оқу акциялары мен танымдық экскурсиялар өткізу жоспарланып отыр.
Қамысты ауданындағы жазғы сауықтыру науқаны балалар үшін қауіпсіз, қызықты әрі пайдалы орта қалыптастыруға бағытталған. Себебі баланың жазғы демалысының қалай өтетіні – тек мұғалімдер мен тәрбиешілерге ғана емес, ата-аналар мен жауапты мекемелерге де тікелей байланысты.
Осы орайда қамыстылық ата-аналардың да тілегі ортақ.
– Балалар жазда телефонға телміріп отырмай, таза ауада көбірек уақыт өткізсе дейміз. Түрлі спорттық, танымдық шаралар ұйымдастырылса, олардың дамуына жақсы әсер етеді. Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілсе болғаны, – дейді көпбалалы ана Ақбидай Жеңісхан.
Айта кетейік, лагерьлерде санитариялық талаптардың сақталуына, азық-түлік сапасына және балалардың денсаулығына тұрақты бақылау жүргізіледі. Сондай-ақ су айдындары, орман алқаптары мен спорт нысандарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілмек.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті Қамысты аудандық білім бөлімі ұсынды
Халықаралық музейлер күніне орай Торғай өңіріндегі Ы.Алтынсарин мемориалды-педагогикалық музейінде дәстүрлі «Музей түні» мәдени шарасы өтті.…
В районе состоялась информационно-разъяснительная встреча, посвященная вопросам профилактики коррупционных правонарушений и противодействия торговле людьми. (далее…)
В регионе прошёл ежегодный чемпионат WorldSkills-2026. (далее…)
Челябинске прошел форум «Новые горизонты приграничного сотрудничества регионов Республики Казахстан и Челябинской области Российской Федерации».…
Жанкелдин ауданында мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. (далее…)
Науырзым ауданында алғаш рет Жамбыл жалпы білім беретін мектебінде «Жамбыл жұлдыздары шеруі» атты салтанатты іс-шара…
This website uses cookies.