Туған жерге адал қызмет етіп жүрген Раушан Махмудова жайлы бір үзік сыр.
Көктемнің алғашқы шуағымен бірге келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – тек мереке ғана емес, ел дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандылардың еңбегін айшықтайтын ерекше сәт. Қай саланы алсақ та, жауапкершілікті абыроймен арқалап, қоғамға қызмет етіп жүрген әйел азаматтар аз емес. Солардың бірі – Қамысты ауданына қарасты Ливанов ауылының тумасы Раушан Төлендікқызы Махмудова.
1978 жылы Ливанов ауылында дүниеге келген ол бүкіл өмір жолын туған өлкесімен тығыз байланыстырды. Кіндік қаны тамған ауылда өсіп, білім алып, еңбекке араласып, бүгінде сол елдің өркендеуіне үлес қосып келеді.
«Мен үшін Ливанов – жай ғана туған жер емес, бұл менің өмірімнің бір бөлшегі. Осында өсіп-өндім, осында еңбек етіп келемін. Ауылдың әр жетістігі – менің де қуанышым», – дейді Раушан Төлендікқызы.
1997 жылы Жітіқара өңірлік колледжін «Халық шаруашылығы салаларындағы экономика және жоспарлау» мамандығы бойынша тәмамдаған ол кейін М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Алған білімі оның кәсіби тұрғыда қалыптасуына берік негіз болды.
Еңбек жолын байланыс саласында бастап, 2004-2015 жылдары бөлімше басшысы қызметін атқарды. Бұл кезең оның жауапкершілігін арттырып, тәртіп пен тиянақтылыққа баулыды.
«Байланыс саласындағы жұмыс маған адамдармен тіл табысуды, әр өтінішке мұқият қарауды үйретті. Әр адамға құрметпен қарау – менің басты қағидам», – дейді ол.
2015 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, Ливанов ауылы әкімінің аппаратында жұмысын бастады. 2020 жылдан бастап Қамысты ауылдық округі әкімінің аппаратында қызметін жалғастырып, кейін қайтадан Ливанов ауылында әкімдік жұмысының үйлестірілуіне жауап беріп келеді.
Бүгінде ол ауылдағы жергілікті атқарушы биліктің өкілі ретінде бірқатар маңызды міндеттерді атқарады. Архив құжаттарын жүргізу, электрондық шаруашылық кітабын толтыру, халық саны мен жеке қосалқы шаруашылықтар бойынша деректерді жаңарту, тұрғындар жиналыстарын ұйымдастыру, әкім тапсырмаларын орындау – оның күнделікті қызметінің ажырамас бөлігі.
«Мемлекеттік қызмет – бұл жай ғана лауазым емес. Бұл – халықтың сенімін арқалау. Ауылда әр тұрғынмен күнделікті кездесіп, олардың мәселесін тыңдайсың. Сондықтан жауапкершілік екі есе», – деп ақтарылды ол.
Қыс мезгілінде ауыл тіршілігін қамтамасыз ету жұмыстары ерекше бақылауда болады. Ішкі көшелерді қардан тазалау, санитарлық тазалық пен абаттандыру шараларын ұйымдастыру – маңызды міндеттердің қатарында. Өткен жылы Ливанов ауылында ағаш бұтақтары кесіліп, ескі үйлер бұзылып, 30 жаңа көше шамы орнатылды, балалар ойын алаңы салынды. Бұл – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты істердің нәтижесі.
«Туған өлкенің жарық, таза әрі қауіпсіз болғанын қалаймын. Әсіресе балалар үшін қолайлы орта қалыптастыру – маңызды міндет», – дейді Раушан Төлендікқызы.
Ол ауылдың рухани өміріне де айрықша мән береді. Жыл сайын 8 Наурыз, Ұлыстың ұлы күні, 9 Мамыр – Жеңіс күні, жаңа жыл, Қарттар күніне арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мұндай басқосулар ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін арттырып, ынтымағын нығайтады.
«Осындай мерекелер адамдарды жақындастырады. Бір дастархан басында бас қосып, қуаныш бөліскенде ауылдың бірлігі нығая түседі. Ауылда жұмыс істеу – бұл күн сайын халықтың сенімін ақтау. Мен үшін ең бастысы – адал еңбек етіп, туған жерімнің дамуына үлес қосу», – деп атап өтеді ол.
Сонымен қатар аудандық мекемелерге ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала және басқа да бағыттар бойынша қажетті ақпарат дайындап, түрлі ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Оның айтуынша, ауылдағы қызмет – жүрекпен атқарылатын іс.
Ол болашақта мемлекеттік бағдарламалар шағын ауылдарды да кеңінен қамтып, жастар туған жерде тұрақтап, еңбек етсе деген тілегін білдіреді.
«Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Егер ауыл дамыса, еліміз де дамиды. Сондықтан әрқайсымыз туған жеріміз үшін аянбай еңбек етуіміз керек», – дейді ол.
8 наурыз мерекесі қарсаңында Раушан Төлендікқызы сынды туған жерге адал, жауапкершілікті жанашыр азаматтарды ерекше атап өту орынды. Нәзік жанды бола тұра, ауыл тіршілігінің сан салалы жұмысын үйлестіріп, ел сенімін арқалап жүрген оның еңбегі қандай құрметке де лайықты.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
Науырзым ауданында қазақ аруларына арналған аудандық байқау өтті. (далее…)
Ауданымызда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік кеш өтті. (далее…)
В районном доме культуры состоялись праздничный концерт и церемония награждения женщин за вклад в…
Пятого марта журналистам региона показали новый реабилитационный центр для детей, который ранее был резиденцией всех…
Бронзовая медаль республиканского турнира — результат упорных тренировок и спортивного характера. (далее…)
Есть профессии, о которых говорят с особым уважением. Акушерка - одна из них. Именно её…
This website uses cookies.