Қарасулық бастауыш кәсіподақ ұйымы үздіктер қатарында
Қазақстанда жыл сайын 10-қазанда кәсіподақтар күнін атап өтеді.
Айтулы мерекенің құрметіне орай облыс орталығында салтанатты іс-шара өтіп, белсенді кәсіподақ мүшелері мен үздік ұйымдар марапатталды. Құрмет иелерінің арасында Қарасу ауданы Октябрь жалпы білім беретін мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Зәмзагүл Балтабаева бар.
Зәмзагүл Қадырханқызы еңбек ететін ұжымда жетпіс шақты адам кәсіподақ құрамына алынған. Мұндағы бастауыш кәсіподақ ұйымы мұғалімдер мен мектеп қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік және экономикалық мүдделерін қорғап, туындаған сауалдарды шешуге қызмет етеді. Мектеп әкімшілігі мен ұжым арасындағы еңбек заңнамасының сақталуын бақылайды. Әртүрлі еңбек дауларында тиімді шешім қабылдауға бағыттайды. Бастауыш кәсіподақ ұйымының мақсатын тізбектей берсек жетіп артылады. Осындай маңызды міндеттің бел ортасында жүрген Зәмзагүл Балтабаева Қостанай облысының кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс хатпен марапатталды.

– Мектептегі бастауыш кәсіподақ ұйымның төрағасы болғаныма екі жыл. «Қорғау» Қостанай облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелігіне төрт жыл бұрын кіргенмін. Әріптестермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Еңбек адамының мүддесі үшін күресу, жан-жақты жәрдемдесу басты міндетіміз,-деді Октябрь жалпы білім беретін мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Зәмзагүл Балтабаева.
Бүгінде Қостанай облысының Кәсіподақтар орталығы 85 мыңнан астам кәсіподақ мүшесін, салалық кәсіподақтардың 11 аумақтық құрылымын және 850-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіреді. «Қостанай облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ирина Аронованың айтуынша, кейінгі жылдары жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға аса мән берілуде. Соңғы бес жылда кәсіподақтардың қатысуымен қаралған 63 сот ісінің 47-сі оң шешіммен аяқталды. Сонымен қатар 26 медиациялық келісім жасалды. Кәсіподақтар федерациясының Құқықтық клиника филиалы азаматтардың 1 мыңға жуық өтінішін қарады.

Салтанатты жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, аймақтағы кәсіподақ қозғалысының жұмысын ерекше атап өтті. Іс-шара барысында облыстағы үздік кәсіподақ ұйымдары мен олардың белсенді мүшелері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін» медалімен, «Кәсіподақ қайраткері» медалімен, «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен, «Салалық кәсіподаққа 30 жыл» төсбелгісімен , ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қымбат ДОСЖАНОВА,
Суреттер “Әділет” партиясы Қостанай облыстық филиалының баспасөз қызметінен алынды.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31