Дінмұханбет Бидашев: «Торғай болашақта мұнайлы өлкеге айналады»

Ал биыл «қара алтын» қорын зерттеуге геологиялық барлау жұмыстары басталады
Жангелдин ауданының әкімі Дінмұхамбет Бидашевпен болған әңгімеміз кездейсоқ емес. Белгілі болғандай, соңғы екі жылда облыстан бұл өңірге қомақты қаржы бөлініп келеді. Бұл қаражат қаншалықты тиімді игерілуде және аудан бір күні жоғары субвенциялы қаймақтар қатарынан шыға ала ма? Әңгімеміз осы сұрақтан басталды.
–Анығы керек, аудан дотацияда отыр. Қазіргі Жангелдин өңірінің бюджеті 2,5 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде өз кірісіміз – 440 млн теңге, яғни 17 пайыз. Қалғанының бәрі – субвенция.
– Биыл Торғай өңірінде мұнайды барлау жоспарланып отыр екен. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев хабарлады. Осы жөнінде не айтасыз?
– Иә, жоспар бар, геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Мұндай зерттеу 1989 жылы да болған. Алайда Кеңес Одағы ыдырады да, бұл жұмыс соңына дейін жеткен жоқ. Біздің Солтүстік Торғай шөгінді бассейні өте үлкен. Сейсмикалық барлау жұмыстары жоспарланған. Сейсмобарлау зерттеулерін қамтитын іздеу жұмыстары 3 жылға есептелген. Барлау нәтижесінде жаңа мұнай-газ кен орындары ашылып, қазіргі кезде негізінен елдің батысында шоғырланған мұнай өндіру географиясы кеңеюі мүмкін.
Дегенмен, өңіріміздегі барлау жұмыстарының нәтижесі туралы айтуға әлі ерте.
–Ауданға түсетін субвенциялар (облыстық немесе республикалық бюджеттен аудан бюджетіне берілетін қайтарымсыз қаржылай көмек) қай бағытқа жұмсалып жатыр?
– Өңіріміз мал шаруашылығына бейім болғандықтан, бұл қаражат ең алдымен ауыл шаруашылығына бағытталады. Ауданда 20 мыңнан астам жылқы және 50 мыңнан астам ірі қара бар. Сондықтан малдың барлығы есепке алынып, чиптелуі маңызды. Қазіргі таңда барлық елді мекендерде ветеринариялық пункттер салынуда. Өткен жылы екі типтік станция салынды, ал биыл модульдік станцияларға басымдық берілуде. Модульдік станциялар әр ауылдық округті вакцинация, жануарларды тексеру және «ИСЖ» базасымен жұмыс жүргізетін пунктпен қамтамасыз етуге тиіс. Бір станцияның құны шамамен 30-35 млн теңге.
–Ауданда ауылдар арасындағы асфальт жолдар жоққа тән екені белгілі. Бұл жағдай өзгере ме деген үміт бар ма?
–Үміт бар. Ең алдымен, бұл – «Орталық – Батыс» жобасы. Арқалық пен Торғай арқылы өтетін ауқымды жоба Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз жаңа магистралін салуға бағытталған. Жоба аясында 40 көпір мен 17 жол өткелі салынады. Ең бастысы, ол біздің аудан орталығы арқылы өтеді.
Өткен жылы асфальт-бетон зауыты орнатылса, биыл тағы екі зауыт салуға жер телімі бөлінді. Бұған дейін ең жақын асфальт-бетон зауыты Амантоғайда болатын, ол бізден 190 шақырым жерде. Мұндай қашықтықтан асфальт жеткізу қиын – жолда суып қалады. Ал өзімізде зауыттар болса, ерте ме, кеш пе аудандық маңызы бар 375 шақырым жолдың бәрінде асфальт төселеді деп үміттенуге болады. Қазір әзірге қиыршық тас төсеумен шектеліп отырмыз. 2025 жылы Шұбалаң-Қарасу бағытындағы 50 шақырым жолға қиыршық тас төселді, биыл тағы 31 шақырымға төсеуді жоспарлап отырмыз. Кейбір жобаларымыз да бар, мысалы Торғай-Шеген жолына асфальт төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді көздеп отырмыз.
Бүгінде ауылдарымыздың сыртынан өтетін жолдың бойынан жер телімдерін жалға сұраушылар саны артты. Кәсіпкерлер кемпингтер, кафе, жанармай құю бекеттерін салуды жоспарлап отыр. Алдын ала есеп бойынша осы жол арқылы тәулігіне екі мыңға дейін көлік өтеді.
Жобаның экономикалық тиімділігі құрылыс басталғаннан-ақ байқала бастайды. Жол салу кезінде мыңдаған жұмыс орны ашылады, соның ішінде жергілікті тұрғындарды жол-құрылыс жұмыстарына, өндірістік базалар мен вахталық қалашықтарға қызмет көрсетуге тарту жүргізіледі. Күре жол бойында өндірістік инфрақұрылым қалыптастыру, асфальт-бетон зауыттарын орналастыру және жергілікті инертті материалдарды пайдалану өңір экономикасының артуына ықпал етеді.
Жол пайдалануға берілгеннен кейін ұзақ мерзімді әсер логистикалық қашықтық пен жол уақытын айтарлықтай қысқартумен байланысты болады. Жаңа бағыт Астанадан еліміздің батыс өңірлеріне дейінгі жолды 500 шақырымнан астам қысқартады, бұл көліктердің уақытты үнемдеуіне мүмкіндік береді. Бұл тасымалдың өзіндік құнын төмендетіп, жүк айналымының жылдамдығын арттырады және Ақтау жәнеқұрғақ порттармен байланысты күшейтеді. Бұл порттар арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытына шығу жүзеге асырылады.
Осының бәрі Торғай өңірінің тұрғындарына орасан мүмкіндік әкеледі деген сенімдеміз. Маршрутқа жақын ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жаңа жол елорда мен батыс өңірлердің нарығына тікелей әрі қолайлы шығуға мүмкіндік береді. Логистикалық шығындардың азаюы шаруашылықтардың рентабельдігін арттырып, өндірісті кеңейтуге ынталандырады және жаңа жол маңында өңдеу кәсіпорындарын дамытуға жағдай жасайды.
– Қазір «Таза Қазақстан» тақырыбы өзекті әрі кең таралған. Біздің өңірге қандай ағаш түрлері жақсы бейімделеді?
– Үйеңкі мен көктерек біздің өңірге бейімдірек. Ал неге екенін білмейміз, терек ағашы 10-15 жылдан кейін қурап қалады. Өткен жылы біз арнайы тапсырыспен тәлімбақтан 450 үйеңкі көшетін әкеліп отырғыздық. Биыл да осы жұмысты жалғастырамыз. Бюджетте қаржы жетіспегендіктен, аудан орталығында жұма мен сенбі күндері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында волонтерлік негізде тұрғындар ағаш отырғызып, суарып, көшелерді тазалауға шығады. Аудан орталығындағы әр көше белгілі бір мемлекеттік мекемеге бекітілген.
«Жасыл Ел» жасағына 8,5 млн теңге бөлінді. Жаз мезгілінде жұмысқа тарту үшін студенттерді күтіп отырмыз. Сондай-ақ аудан орталығында көшеде еркін жүрген малға қатысты да жұмыс жүргізілуде. Қараусыз жүрген мал иелеріне ескерту жасаймыз.
– Ауданда қаңғыбас иттер мәселесі бойынша да бұрын көп сын айтылатын. Осы жағы ретке келіп жатыр ма?
– Оларды аулау және зарарсыздандыру (стерилизация) жұмыстарына 2,9 млн теңге бөлінді. Өткен жылы 75 ит стерилизацияланды, биыл одан да көп жоспар орындалады деп отырмыз.
-Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен – Александра СЕРҒАЗИНОВА
Редактор

Поделиться
Опубликовал
Редактор

Недавние новости

Карасуский район встречал представителей зумеров и альфа – участников зародившихся ещё у предков-кочевников состязаний

Первенство по национальным играм среди юношей и девушек проведено на базе общеобразовательной школы им. Ы.…

33 минуты назад

Крупное производство фанеры, ДСП и щепы будет открыто в Аулиекольском районе

Мощность вскоре запущенного завода по переработке древесины составит более 1 млн кубометров в год. (далее…)

5 часов назад

На одно газифицированное село стало больше в Костанайской области

Доступ к природному газу обеспечен в селе Диевка Аулиекольского района. (далее…)

21 час назад

Торғайда жас кәсіпкер «Adishop» атты жаңа дүкен ашты

«Adishop» – балаларға арналған ерекше дүкен. (далее…)

22 часа назад

Торғайда жас кәсіпкер «Adishop» атты жаңа дүкен ашты «Adishop» – балаларға арналған ерекше дүкен Жеңіс…

22 часа назад

This website uses cookies.