Салмақты мақаладағы мемлекеттік тіл

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздігіміздің көк туын биік көтерген 30 жылдық мерейтойының қарсаңында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы жүрегі «Елім, жерім, Отаным» деп соққан әр азаматтың көңілінен өзіндік орын алары сөзсіз

Мақалада әлемнің алдыңғы мемлекеттерінің тәуелсіздігімен салыстырғанда азғантай уақытты ғана қамтитын егемендігіміздің жүріп өткен жолын саралап, өз бағасы берілген. Осындай қысқа уақытта жасалған әр қадамды зерделей, жеткен жетістіктерімізді түрлі бөлімдерге бөлген. Әр жетістікке өз бағасын берген. «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық» және «Ұлағат пен ұстаным» сияқты бөлімдерден тұратын мақала бүгінгі күні әр қазағыма бағыт-бағдар сілтейтін алтын қазығына, құс жолына айналғандай…

«Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді.

Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек» дей келе, «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді.

Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты.

Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары.

Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», – дейді Президентіміз.

Салмағы бірнеше атан түйеге жүк болар мақаланың жалпы халықтың жүрегінен орын алды. Қасым-Жомарт Кемелұлының салмақты ойы -Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, этномәдени бірлестіктің төрағалары мен белсенді жастар тарапынан да үлкен қолдауға ие болды. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты маңыздылығы жағынан мақаладан да жоғары, еліміздің өткені мен болашағы жөнінде салмақты ойлар түйген мақалаға өзге ұлт өкілдері де үн қосқан болатын.

Ел шекарасын күзеткен сақшылардың арасында мемлекеттік тілімізді қолдау саясаты жоғары деңгейде деп толық айта аламыз. Себібі бүгінгі күні Шекара қызметі Департаменттері мен бөлім, бөлімшерінің қайсысына барсаң да қазақ тілінде рәсімделген қабырға баспаларына көзің түседі. Журналдар мен құжаттар да қазақ тілінде толтырылуда. Осының барлығын көріп, көңілің бір көтеріліп қалады.

Манарбек ҚАРЕКЕНОВ,

ҚР ҰҚК ШҚ Қостанай облысы бойынша Департаменті, майорм


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31