Торғайда еңбекпен есейген өмір
Пеш қалауды кәсіпке айналдырған Бейбіт Молдашұлы.
Жанкелдин өңірінде маңдай терімен адал еңбек етіп, ел құрметіне бөленген азаматтар аз емес. Солардың бірі – құрылыс саласында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан Бейбіт Молдаш Әбу-Сағитұлы. Қарапайым еңбек адамынан кәсіби пеш қалаушыға айналған оның өмір жолы – табандылық пен маңдай тердің үлгісі.
Бейбіт Әбу-Сағитұлы 1971 жылдың 20 мамырында бұрынғы Торғай облысы, Жанкелдин ауданы, Торғай ауылында дүниеге келген. Балалық шағы қарапайым еңбек адамдарының ортасында өтті.
1979 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, сегізжылдық білім алады. Кейін 1986 жылы Жанкелдин аудандық кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға түсіп, тракторист-машинист мамандығын меңгереді. 1989 жылы оқу орнын тәмамдап, еңбек жолын құрылыс саласында бастайды.
1990 жылы азаматтық борышын өтеуге шақырылып, Саратов қаласында әскери қызмет атқарады. 1992 жылы елге оралған соң қайтадан құрылыс саласына бет бұрып, каменщик-печник ретінде еңбек жолын жалғастырады. Содан бері ол осы кәсіптен қол үзбей келеді.
Кейіпкердің айтуынша, пеш қалау өнері оған әкесінен дарыған.
Әкесі Әбу-Сағит Қозыбаев ұзақ жыл жүргізуші әрі құрылыс саласының маманы болған. Торғай кірпіш зауытында еңбек етіп, пеш қалаудың қыр-сырын меңгерген шебер ретінде ел арасында сыйлы болған.
– Әкем пеш салғанда жанында жүріп көмектесетінмін. Лай дайындап, кірпіш тасып беретінмін. Сол кезде қызығушылық пайда болды. Кейін өз бетімше үйреніп кеттім. Әскерден келген соң алғашында таныстарымның үйлеріне пеш салып бердім. Кейін халық арасында сұраныс көбейді, – дейді Бейбіт ағамыз.
Оның айтуынша, бүгінде қолтаңбасы қалған үйлер Торғай өңірінен бөлек Астана, Қостанай, Арқалық қалаларында да бар. Дегенмен ол жасаған еңбегін жариялап, көпшілікке көрсетуді ұната бермейді.
– Істеген ісімді айтып, жарнамалап жүргенді қаламаймын. Ең бастысы – халықтың алғысы, – дейді қарапайым еңбек иесі.
Анасы Ханбибі Ізтелеуқызы 13 құрсақ көтерген ардақты ана болған. Кейіпкер толыққанды, берекелі отбасында тәрбиеленіп өскенін мақтанышпен айтады.
Бейбіт Әбу-Сағитұлы жастайынан спортқа да жақын болған. Әсіресе волейбол ойнауды жанына серік еткен. Қандай істі қолға алса да, жауапкершілікпен қарап, еңбекқорлығымен ерекшеленген жан бүгінде де құрылыс саласында еңбек етіп келеді.

Қазіргі таңда екі бала тәрбиелеп отырған әке үшін ең басты құндылық – адал еңбек пен адамдық қасиет. Ұлы мен қызы мектеп қабырғасында білім алып жүр.
Ел ішінде үнсіз жүріп-ақ үлкен еңбек атқарып жүрген жандар болады. Бейбіт Молдаш Әбу-Сағитұлы – сондай азаматтардың бірі. Оның маңдай термен келген еңбегі мен қарапайым болмысы кейінгі буынға үлгі болары анық.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
