Ата қонысын сақтап келеді.

Ұлт ұстазының атын иеленген бұл елді мекен Қостанай облысының ең шалғай нүктесі. Облыс орталығынан 700 шақырым, аудан орталығынан 107 шақырым қашықта. Жанкелдин ауданына қарайтын киелі мекен кезінде кеңестік шаруашылықтың орталығы болған. Жаңбырлы күндері жолы сорға айналатын қияндағы ауылдың халқы нарық кірген жылдары азайғаны болмаса, жылы орнын тастап тұтастай үдере көшіп кеткен жоқ. Талай қиыншылық-ауыртпалықты еңсеріп, Ахаңның ата қонысын сақтап қалды. Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлы ауылында 97 үй түтін түтетіп отыр, төрт жүзден астам халқы бар. Жергілікті жұрт негізінен мал бағып күнелтеді. Бұл өңірде төрт түліктің тұяғы жететін жердің бәрі жайылым. Шабындығы да мол.

Ауылдан адам көшкенмен…

Алайда елдің бұл жерден табан аудармауының басты себебі, жеті атасынан бері мекендеген атажұрт, киелі мекені. Жыл басынан бері ауылда бес сәби дүниеге келіп, демографиялық өсім бары байқалды. Бұл – ауыл өмірінің тоқтаусыз жалғасып жатқанын білдіретін қуанышты жаңалық. Елді мекенде орта мектеп, медициналық пункт, Қазпошта бөлімшесі, мәдениет клубы, кітапхана және су станциясы тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде.
Ауыл әкімінің берген мәліметіне сүйенсек, ауылда 6 шаруа қожалығы мен 14 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Оның ішінде 5 дүкен, 1 кафе, 1 балық шаруашылығы, 1 тігін кәсібі, 2 шаштараз, 1 монша, 1 дөңгелек жөндеу орны және аспаздық қызметтер және бар. Азық-түлік пен күнделікті сұранысқа ие тауарларды сататын 4 бөлшек сауда орны халыққа қызмет көрсетуде.


Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында 2023 жылы жеке кәсіпкер Гүлімжан Шарипова 3 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, кәсібін кеңейтті. Шағын наубайхана ашты. Кәсіп бастау үшін қажетті құрал-жабдықтарын алып, бүгінде ауыл тұрғындарын жаңа піскен нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Шамамен күніне 30-40 бөлке пісіреді.

«Түрлі бағдарлама қолға алынып, қарапайым жанның кәсіпкер атануына, ал кәсіпкердің өз ісін одан әрі үлкейтуіне жағдай жасалуда. Сондықтан халық қолда бар мүмкіндіктен айырылып қалмай, қажетіне жарата білсе деймін, – дейді кәсіп иесі.

Гүлімжан – Арқалық қаласының тумасы. Қазіргі таңда осы ауылдың келіні атанып, 3 бала тәрбиелеп отырған ана. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының басым бөлігі осы шағын наубайхананың тұрақты тұтынушысы. Сонымен қатар тәтті торттар, самса мен түрлі бәліштер пісіріп, тапсырыс қабылдайды.
Сонымен қатар былтыр 1 млн 572 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты ауыл тұрғыны Жанат Қалиев иеленді. Ол жаз шыға кірпіш құю кәсібін бастамақ. Бүгінде ол арнайы сабан құютын құрылғыны сатып алды. Алдағы уақытта ауыл сыртынан жер алып, саман кірпіш құймақ.

-Құдай қаласа, шілде айында кәсібімді бастаймын. Екі аппарат алғыздым, оның біреуі мотоблок. Мұндай кәсіп түрі санаулы. Тек көршілес Қырғыстан мен Өзбекстан елдерінде қатты дамыған. Егер кәсібім ілгерлеп кетсе, қасыма көмекші алсам деген ойым бар, – деп бөлісті Жанат.

Облыстық бюджет есебінен ауыл ішіндегі қарды шығаруға 1,5 миллион теңге бөлініп, жұмыстар толық орындалған. Абаттандыруға ауыл бюджетінен 950 мың теңге қарастырылып, әкімдік ғимаратының қоршауы жаңартылып, ақтап-сырлау жұмыстары жүргізіліпті.

«Өткен жылы Жеңіс саябағына 50 түп ағаш отырғызылып, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш жөндеуден өтті. Ғимарат кіреберісіне брусчатка төселді. Санитарлық тазалыққа 950 мың теңге бөлініп, ескі үйлер мен ғимарат орындарындағы қоқыстар шығарылды. Қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін орындар ретке келтірілді. Апта сайын сенбілік жұмыстары өткізіледі. Көше жарықтандыру бойынша мердігер мекемемен бірлесіп, қыс мезгілінде істен шыққан шамдар қалпына келтірілді», – дейді ауыл әкімі Қайсар Қожабеков.

Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен Қарасор бөгетіне өткел жасау үшін ауданынан қаржы бөлініп, 1 тонна жанар-жағармай мен 500 литр жанармай алынды. Ауыл тұрғындары бірлесе отырып өткел жасап, мал мен шөп тасымалдауға мүмкіндік туған.

«Қазіргі таңда, бюджеттік ұсынымға ауыл ішіне шардақтар орнатуға, яғни евро шарбақ, ауыл ішінің 5 көшесіне щебень төсеуге, мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге сұраныс берілді», – дейді Қайсар Қожабеков.

Жол азабы көптен келе жатқан мәселе

Ахмет Байтұрсынұлы туған ауылдың тұрғындары жол азабын әсіресе көктем мен күз айларында қатты сезінеді. Қар еріп, жер лайсаңға айналғанда қатынас қиындап, ауылға жету мұңға айналады.

Ауыл тұрғыны Күлпаш Молдахметтің айтуынша, мұндай қиындықтарға қарамастан, елді мекен жыл сайын жаңарып, көркейіп келеді. Кең дала төсінде орналасқан өңірдің табиғаты бай, көрікті жерлері мен аң-құсы мол, тарихы да терең. Оның пікірінше, бұл аймақ туризмді дамытуға өте қолайлы. Алдағы уақытта жол мәселесі шешіліп, балық аулау демалысы мен экотуризм жолға қойылса, ауылдың әлеуеті одан әрі арта түсер еді.

Ауылдың кіреберісіне ауыл атауын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыстардың 80 пайызы аяқталды. Алдағы көктемде жобаны толық аяқтап, ауыл атауын орнатып, аумағын темір қоршаумен қоршап, ішіне ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Аталған жұмыстар ауыл тұрғындары мен ауыл түлектерінің қаржылай қолдауының арқасында жүзеге асырылуда.

Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы білім беру мектебінде 32 мұғалім еңбек етеді. Жалпы оқушылар саны – 118, оның 10-ы даярлық сыныбында білім алуда. Бұдан бөлек, ауыл аумағында медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Тұрғындарға бір медицина қызметкері қызмет көрсетеді. «Жедел жәрдем» автокөлігі жүріп тұр. Шұғыл шақырту түскен жағдайда науқастар аудандық ауруханаға уақытылы жеткізіледі.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

«Кітапхана жұмыс істейді. Мәдени іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Кітап қоры – 12 215 дана. Ауыл кәсіпкерлері мен туған жерге жанашыр азаматтардың қолдауымен мәдениет үйіне жаңа жылдық шырша, безендіру жабдықтары, сондай-ақ музыкалық аппаратура мен микрофондар алынды», – дейді ауыл әкімі.

Өткен жылы ауыл бойынша 2823 бас ірі қара, 1283 жылқы, 2862 бас қой-ешкі тіркелді. Бруцеллез ауруына жүргізілген тексеру нәтижесінде 16 бас ірі қара малдан оң нәтиже анықталып, тапсырылды. Ауру мал иелеріне тиесілі ұсақ малдар мен иттерден толық көлемде қан сынамалары алынып, қора-жайларына дәрі-дәрмекпен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ауыл бойынша 2064 ірі қара малдан қан талдауға алынды.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатында ауылдықтар жеңілдетілген несие арқылы 3 «Беларусь» тракторын сатып алды.

«Биыл облыстық бюджет есебінен Ахмет Байтұрсынұлы ауылының 5 көшесіне қиыршық тас төсеу жоспарланған. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен қаржы сұрап, Жеңіс саябағының қоршауларын қалпына келтіру жұмыстары тұр. Абаттандыру және санитарлық тазалық шаралары да өз кезегінде жалғасады. Ауыл көшелеріне еуро-шарбақ орнату жұмыстары да жоспарға енгізілді», – дейді ауыл әкімі.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер ауыл әкімі мен ауыл тұрғындарынан алынды

Редактор

Поделиться
Опубликовал
Редактор

Недавние новости

Хоккеисты Камыстинского района стали серебряными призерами КМ Лиги

Хоккейная команда «AqQala» заняла почётное 2 место в розыгрыше «Малого финала» КМ лиги по хоккею с…

24 минуты назад

24 базовые станции 5G построят в Костанайской области в этом году

Компания МТ-С, оператор брендов Tele2 и Altel, подписала с акиматом Костанайской области меморандум о стратегическом…

1 час назад

Камыстинские борцы выиграли золото и бронзу на чемпионате Костанайской области

В чемпионате Костанайской области по қазақ күресі камыстинцы показали высокие результаты.  (далее…)

3 часа назад

Мендыкаринец Никита Романов гармонично совмещает государственную службу и творчество через объектив смартфона

Заниматься мобилографией Никита начал в 2024 году, когда пришел работать на государственную службу. (далее…)

4 часа назад

Меңдіқара ауданының тілдерді оқыту орталығында «Үздік оқытушы – 2026» байқауы ұйымдастырылды

Байқауға орталықтың сегіз оқытушысы қатысып, өз білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды. (далее…)

5 часов назад

This website uses cookies.