Торғайдағы Шұбалаң: бір мектеп – бір ауылдың тағдыры

 Ауылды сақтап қалу үшін не істеліп жатыр?

Бүгінде ауылдардың басты проблемасы – адамдардың тұрақтамауы. Бұл ахуалдың жалғасып жатқанына ондаған жыл болды. Тұрғындардың ішінде бүкіл отбасымен қалаларға көтеріле қоныс аударып кеткендер де көп. Ауыл көшелерінде ойнап жүрген бала да азайған. Ал мектептерде сынып толмайды. Осы жолы іс-сапармен аудан орталығының іргесінде орналасқан Қалам-Қарасу ауылына қарасты Шұбалаң ауылында болдық.

Шұбалаңға көшсең, жұмыс табылады

Шұбалаң ауылындағы алғашқы аялдамамыз – негізгі мектеп болды. Шағын ғана білім ордасында сабақ әдеттегі тәртіппен өтіп жатыр. Оқушылар саны аз болғанымен, мектеп тіршілігі тоқтамаған.

Мектеп директоры Дархан Сүлейменовтің айтуынша, бүгінде білім ошағында 23 оқушы оқиды. Бір кездері бала саны 14-ке дейін төмендеп кеткен. Кейін оқушы саны қайта көбейе бастапты.

«Біздің мақсаты бала санын 30-32 дейін жеткізу. Қазір математика пәнінің мұғалімі қажет. Егер бірнеше баласымен көшіп келіп жатса, сағат санын да, үй мәселесін де шешіп берер едік. Биология, география пәндерінен де жүктеме бар. Егер ауылға келіп, еңбек етемін десе, тағы да қосымша сағат қарастырылады, – дейді ол.

Дархан Серікұлы бұған дейін Жангелдин ауданы білім бөлімінде әдіскер болып еңбек еткен. Биыл оқу жылын аталған мектепте директорлықтан бастапты. Қазір ол аудан орталығынан қатынап, жұмыс істеп жүр.

«Бұл мәселе маған дейін де болған. Реті келсе, өзім де көшіп келемін. Биыл бірінші сыныпты екі оқушы, екінші сыныпты төрт оқушы, үшінші сыныпты бір оқушы, төртінші сыныпты үш оқушысы аяқтайын деп отыр. Даярлық тобына – 2 бала, шағын топта – 2 бала барып жүр. Жақында жан-жаққа жарнама жазып, тараттық. Осы ауылға көшіп келемін деген педагог тегін үймен қамтамасыз етіледі, көшіріп апару тегін, бір жылдық отыны түсіріледі. Отбасындағы екі кісіге жұмыс беру қарастырылған. Арқалық қаласынан, осы маңайындағы ауылдардан хабарласып жатқандар бар. Біреуі математика пәнінің мұғалімі, екіншісі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, – деді Дархан Сүлейменов.

Айта кету керек, бұл тек Жанкелдин ауданында ғана емес, қазір облыстың барлық ауылдарында бар мәселе. Себебі, жастардың дені қалаға жұмыс істеуге кетіп, туған жеріне қайтып келмейді. Ауылдағы әке-шешелері малдың қамымен алысқа ұзамай, қара шаңырақта қалып қояды. Шұбалаң елді мекенінде бар-жоғы 128 адам тұрады. Бірқабатты шағын үйде тоғызыншы сыныпты бітірген оқушылар жоғары сыныпты көрші ауылға немесе ауданға барып жалғастырады.

Ауыл әкімі Берік Мұхамбединмен тілдескенде, ауылдағы оқушылар санын ұстау қалу үшін бірқатар жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.

– Қалам-Қарасу ауылдық округіне Қалам-Қарасу, Шұбалаң елді мекені кіреді. Ішінде халқының саны аз осы – Шұбалаң ауылы. Мұндағы тоғыз жылдық мектепте 16 мұғалім, 15 техникалық қызметкер жұмыс істейді, мектепте 5 сарапшы, 7 модератор, 4 педагог еңбек етеді. Барлық мұғалімдер білім жетілдіру курстан өткен. Мектепте бала саны аз. Негізгі мектепті ұстап қалу үшін бала саны қырықтан астам болу қажет. Биылдан бастап жарнама таратып, жұмысқа шақырып жатырмыз. Бұл мәселе тек Шұбалаң ауылына ғана тән емес, көршілес жалпы білім беретін мектептер де осындай жағдай. Биыл «Орталық-Батыс» автожолы Торғай өңірі арқылы салынады. Шұбалаң – тоғыз жолдың торабында. Сол жол осы ауылды басып өтеді. Болашағы зор деп ойлаймын. Алдағы уақытта республикалық трасса түсетін болса, біздің де жағдайымыз бұдан да жақсарып қалар еді. Жалпы бұл ауылға ғана емес, Торғай өңіріне қан жүгіртеді деп ойлаймын. Халықтың кері көшіп келуіне септігі де тиіп қалар. Кері урбанизация жүріп жатырғаны жайлы қаншама рет айтылып та, жазылып та жатыр. Облыс орталығында, мегаполис қалаларда баспанасыз жүргендер де қаншама. Соларға «елге келіңіздер», «мал шаруашылығымен айналысыңыздар» деп үндеу жасап жатырмыз. Қазір ауылда мал бағасы өтімді. Мұндағы ауылдың халқы мал ұстайды», – дейді Берік Алпысбайұлы.

Ертеңгі күнге деген үміт

Бұрыннан негізгі мектеп ретінде жұмыс істеп келе жатқан білім ордасына бүгінде жөндеу мен материалдық-техникалық жаңарту қажет етеді. Алайда оқушы санының аздығы күрделі жөндеу жүргізуге кедергі болып отыр.

– Егер бала саны көбейсе, мектепке жөндеу жүргізіп, қабырғаларын жаңартып, есік-терезесін ауыстырып береміз деп отыр. Бірақ шағын болса да, мектептің іші қыста жылы, – дейді мектеп директоры.

Ауылдағы басты проблеманың бірі – инфрақұрылым. Шұбалаң ауылы мен Қалам-Қарасу ауылында үйлерге ауыз су кірмеген. Тұрғындар тіршілік көзін тасып ішеді. Көгілдір отын жоқ. Ауыл әкімінің айтуынша, көшіп келгісі келетіндердің алғашқы сұрағы – су мен газ.

– Жұмыс бар, мал бағуға мүмкіндік бар. Бірақ адамдар ең алдымен тұрмысқа қарайды. Су мен газ мәселесі бізге үлкен кедергі болып отыр, – дейді ауыл әкімі.

Бұл – бүгінгі қазақ ауылының ортақ проблемасы. Ауылға адам шақыру үшін тек бос үй жеткіліксіз. Инфрақұрылым да қажет екенін осы жолы көз жеткіздік.

Тарихи деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың басында Төке бидің баласы Смағұл осы Шұбалаң болысында он үш жыл болыс қызметін атқарған. 1916-1917 жылдардағы Торғай өңіріндегі тарихи өзгерістер кезінде бұл ауылдан Хакімбек Токин, Омар Тынымов, Қанапия Қайдосов, Мұқан Смағұл секілді большевиктер шыққан. Сол себепті ел арасында ауыл «Большевик ауылы» атанып кеткен.

Ауылдың байырғы тұрғындары өткен күндерді сағынышпен еске алады. Мектептің шаруашылық меңгерушісі Мұрат Мұқатовтың айтуынша, бір кездері мұнда 80-90 үй болған.

– Совхоз болды. Сүт фермасы жұмыс істеді. Клуб, кітапхана, мектеп болды. Кейін халық жан-жаққа көшіп кетті. Ең жақсысы – біздің ауыл трассаның бойында, ауданға жақын, – дейді ол.

Тарихы терең Шұбалаң ауылы – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, ақын Ғафу Қайырбеков дүниеге келген қасиетті мекен. Бүгінде ауыл тұрғындары елді мекеннің тіршілігін сақтап қалу үшін барынша еңбек етіп келеді.Қазіргі таңда ауылда 26 отбасы тұрады. Өткен жылы мұнда үш сәби дүниеге келген. Бұл – шағын ауыл үшін демографиялық өсімнің сақталып отырғанын көрсетеді.

Денсаулық сақтау саласында да тұрақты бақылау бар. Диспансерлік есепте екі ауыл бойынша 47 адам тіркеуде тұр. Оның ішінде екі бала мен жеті ересек адам мүгедектік бойынша есепке алынған. Есептегі тұрғындар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.

Халық пен билік арасындағы тиімді кері байланыстың нәтижесінде тұрғындар тарапынан қойылған түнгі жарықтандыру туралы талап-тілек ескеріліп, жақында көше бағандарының шамдары жаңасына ауыстырылды.

Ауыл халқы үшін мектептің орны ерекше. Тұрғындар білім ошағының жабылып қалмауын ауыл болашағымен тікелей байланыстырады. Сондықтан мектептің шамы сөнбеуі – мұндағы жұрттың ортақ тілегі.

Суреттерді түсірген – автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2