Тәуіш ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Тұрар Шүленов үш буын бойы үзілмей келе жатқан отбасылық кәсіпті жаңа деңгейге шығарды.
Жоғары білімі мен мектептегі тұрақты жұмысын ауыл шаруашылығына айырбастаған кейіпкеріміз бүгінде бау-бақша егіп қана қоймай, мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, мал шаруашылығын да дамыта бастады.
«Біздің Торғай» тілшісі атадан балаға мирас болған кәсіпті жандандырып, мемлекет қолдауымен ісін өрге бастырған ауыл еңбеккерінің тарихын тарқатады.
«Әкеден көргенді бала істейді»
Бүгінде Тұрар Шүленов ауылдан 7-8 шақырым жердегі «Жеті жігіт» деп аталатын өңірде жарты гектар жерге бау-бақша егеді. Бұл жай ғана маусымдық жұмыс емес, бұл – Шүленовтер әулетінің 37 жылдық тарихы бар үлкен мектебі.
«Әкем Жақсылық Шүленов осы бау-бақша егу кәсібін 1989 жылдан бастап екті. Ол кезде мен небәрі алты жастағы бала едім. Көз ашқалы әкемнің жер емген еңбегін көріп өстім. Ол кісіден кейін істі біз жалғастырдық, ал қазір менің үлкен ұлым Алтынбек Жақсылық осы шаруаның басында жүр», – дейді кейіпкеріміз мақтанышпен.
Тұрар Жақсылықұлының өзі жоғары білімді маман, кезінде мектепте де қызмет еткен. Алайда, отбасы мен бала-шағасының таза, табиғи өнім жегенін қалаған ол ата кәсіпті тоқтатпауды жөн санапты. Қазіргі таңда жұбайы Рамазан Анаргүл екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Арқалықтағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық университетінің 3-курс студенті атанған үлкен ұлы Алтынбек жаз бойы бақшада еңбек етіп, әкесіне негізгі көмекші болып жүр.
Қарапайым ауыл тұрғыны өсіретін картоп, қарбыз, қауын және қияр өнімдеріне сұраныс жоғары. Себебі, ешқандай химиялық қоспасыз, таза табиғи өнім.
«Қолымда жоғары дипломым бар, мектепте де сыйлы жұмыста болдым. Бірақ жүрек қалауым осы жерге тартты. Өйткені бұл – әкемнің маңдай тері сіңген, бізді асыраған қасиетті кәсіп. Әкеден балаға қалған осы кәсіпті үзбей, кейінгі ұрпаққа көрсетіп, үйрету – менің перзенттік парызым деп білемін. Піскен алғашқы өнімді алдымен өзіміз жейміз, артылғанын ауылға, жергілікті тұрғындарға сатамыз. Өнімнің тазалығын білетіндер арнайы іздеп келеді, тіпті Торғайдан да келіп сатып алатындар бар. Бұл жердің суы да ерекше, жыл сайын таситын, тұщы су. Су жақсы болғандықтан, қауыны мен қарбызы ащы болмайды, қияры да дәмді шығады», – деп ағынан жарылды Тұрар Шүленов.
Ауылды дамытудың жаңа серпіні немесе 2,5 пайыздық несиенің тиімділігі
Ауыл шаруашылығы маусымдық жұмыс болғандықтан, Шүленовтер отбасы қыс айларында мал шаруашылығымен айналысады. Биыл кәсіпкердің ісіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау бағдарламасы жаңа серпін берді.
Қазіргі уақытта мемлекет ауыл тұрғындарының табысын арттыру және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жылдық 2,5 пайыздық жеңілдікпен «Ауыл аманаты» несие беру бағдарламасын белсенді жүргізіп жатыр. Бұл жоба әсіресе жаңадан іс бастағандар мен жеке шаруа қожалығы жоқ, бірақ өз ауласында өндірісті дамытқысы келетін ауыл тұрғындары үшін таптырмас мүмкіндікке айналды.
Тұрар Шүленов жергілікті әкімшіліктен бұл мүмкіндік туралы ести сала, бірден тәуекелге бел байлаған.
«Қазір мемлекет ауыл тұрғындарына шынымен мол мүмкіндік жасап отыр. Бұрын мұндай төмен пайызбен несие алу қиынның қиыны еді. Биыл жергілікті әкімдікке 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие берілетіні туралы ақпарат келгенде, «неге бағымды сынап көрмеске?» дедім. Уақыт жоғалтпай құжаттарымды дайындап, конкурсқа қатыстым. Мемлекеттік комиссияның іріктеуінен сәтті өтіп, 4,1 миллион теңге көлемінде жеңілдікті несиеге қол жеткіздім. Бұл біз сияқты еңбек етемін деген ауыл адамдарына үлкен қанат бітірді», – дейді ауыл тұрғыны.
Несие алу үшін кәсіпкер ауылдағы екі үйін кепілге қойған. Бұл қадам оның мемлекеттік қолдауға деген сенімін және өз ісін ұлғайтуға деген нық сенімділігін көрсетеді.
Алынған 4,1 миллион теңгенің әр тиыны тиімді есептеліп, іске жұмсапты. Оған сегіз бас жылқы сатып алынды. Қаражаттың қалған бөлігі малдың қысқы жем-шөбін дайындауға бағытталды.
Бұл қолдау Тұрар Шүленовке тек жазғы бақша өнімдеріне ғана тәуелді болмай, қыс мезгілінде де тұрақты табыс тауып, мал басын арттыруға жол ашты. Кәсіпкер биылғы жылдың өнімі де былтырғыдан кем болмайды деп үміттеніп отыр.
«Мемлекет ауылда еңбек етемін деген жанға мол мүмкіндік жасап жатыр. Ең бастысы, ерінбей еңбек ету. Әкемнен көрген осы кәсіпті енді немерелеріме аманаттайтындай дәрежеге жеткізсем деймін», – деп түйіндеді сөзін торғайлық еңбеккер.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды
ЧСники района держат на особом контроле ситуацию с гибелью людей на воде в своих населенных…
Первую встречу участники посвятили постановке целей и поиску баланса между помощью другим и заботой о…
Президент в своих выступлениях неоднократно подчеркивал: развивать села нужно сообща, и социальная ответственность бизнеса здесь…
Сотрудники отдела по чрезвычайным ситуациям Мендыкаринского района составили на них административные материалы: в виде предупреждения…
Жангелдин ауданында жазғы суға түсу маусымы басталғалы бері құтқарушылар мен құқық қорғау органдары күшейтілген жұмыс…
Жангелдин ауданында мал азығын дайындау науқаны қарқынды жүріп жатыр. (далее…)
This website uses cookies.