Төрт қыздың әкесі 8 наурызды ерекше қарсы алады.
Қамысты селосында тұратын көпбалалы әке Уәлихан Нұрпейісов үшін 8 наурыз – күнтізбедегі жай ғана мереке емес, оның жүрегіне жақын жандарға, өмірінің мәніне айналған асыл адамдарына деген құрметін білдіретін ерекше күн. Өйткені ол төрт бірдей қызғалдақтың әкесі. Ал өмірлік серігі Ақбидай Жеңісханқызын қосқанда, бес бірдей нәзік жанның мерейін асырады екен.
Жыл сайын Халықаралық әйелдер күнін Уәлихан Нұрпейісов ерекше ықыласпен күтеді. Бұл күні ол бар шаруасын ысырып қойып, асүйге өзі кіріседі. Қазанға ет асып, дастарханды жайнатып, тіпті бауырсақтың қамырын да өз қолымен жаяды. Жұбайы мен қыздарына тосынсый жасап, үй ішін шаттыққа бөлейді.
– Қыз бала – Алланың берген сыйы. Бұрымдарын түйіп алған олар үйге жанашыр, ата-анаға жақын. Мен үшін мерекелердің ішінде ең асыға күтетінім – осы 8 наурыз. Бұл күні дастарханды өзім жасап, гүл мен сыйлық ұсынамын. Жалпы қыз баланы күнде құрметтесе де артық емес. Қыздарым – менің гүлдерім, – дейді ол ағынан жарылып.
Уәлихан мен Ақбидайдың шаңырағында алдымен 2004 жылы тұңғышы Аружан дүниеге келді. Бір жылдан кейін Назым өмір есігін ашты. Араға он бір жыл салып Жарқын туды. Екі жылдан соң Айдана жарық дүние көрді. Алты жылдан кейін шаңырақта көптен күткен ұл – Айдын дүниеге келді. Бүгінде бұл отбасы – бес баланың шат күлкісіне толы берекелі жанұя.
Жұбайы Ақбидай – Қамыстыдағы №2 жалпы білім беретін мектепте математика пәнінің мұғалімі. Ал, отағасы Уәлихан Науырзым ауданының тумасы. Тағдырдың сынағын ерте көрген жан. Бес жасында анасынан, он алты жасында әкесінен айырылып, өмірдің ауыр жүгін жастайынан көтерді. Алдымен үлкен ағасы Сағидолланың қамқорлығында болса, кейін Рудный қаласында жезде-әпкесі Балташ пен Динаның жанында тұрып жұмыс істеді. Алдында өзіне қамқор үш әпкесі тағы бар.
2003 жылы тәуелсіздік күні қамыстылық Ақбидай Жеңісханмен танысып, шаңырақ көтерді. Бүгінде екеуі бір-біріне тірек болып, бес баланы тәрбиелеп отыр. Төрт қызы – әкесінің мақтанышы, үйдің шырағы.
Қыздары да әкесіне жақын. Тіпті отағасы қыздарымен бірге шығып, өзі киіндіреді. Жарқын әкесінің мереке сайын сырға, шашқа тағатын түрлі әшекейлермен қуантатынын айтады.
Қазір тұңғышы Аружан Алматы қаласында тұрмыста. Уәлихан жиен сүйіп, немере иіскеп отырған бақытты ата. Қыз өсіріп, қыз ұзату – бір бақыт болса, жиеннің шат күлкісін есту, тіпті ерекше сезім.
«Қыз – қонақ емес, қыз – құт. Қыз – береке. Қыз бар үйдің шамы сөнбейді, төрі бос болмайды. Қыз күлсе, үйдің іші нұрға толады, қыз мұңайса, шаңырақтың шырағы солғын тартады. Қыздарым бір-біріне жанашыр. Бүгінде үйдің екі үлкені бойжетті. Екеуі де Алматы қаласында жоғары оқу орнында оқиды. Аружан өнерлі, ән айтады. Кішкентайынан сахнада ән айтты. Назым қазір Кореяда білім алып жүр, блогер»,- дейді отағасы.
Бұл отбасының басты құндылығы – сыйластық пен мейірім. Әке қыздарын еркелетіп өсірсе, қыздары әкесін ерекше құрметтейді. 8 наурыз – сол сыйластықтың жарқын көрінісі. Бұл күні Нұрпейісовтер шаңырағында гүлдер құлпырып, ана мен қыздардың жүзінде күлкі ойнайды. Ал өсіп келе жатқан кенжесі Айдын қыз баланы қалай сыйлау керектігін әкесінен үлгі алып өсіп келеді.
Шынында да, қыз – отбасының көркі, әкенің жүрегінің нәзік гүлі. Ал қыздарын гүлге теңеп, оларды төбесіне көтерген әке нағыз ардақты.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Бүгін, 6-наурызда Итальяның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XIV қысқы паралимпиада ойындары басталады. (далее…)
Биыл Милісайға байланыс желісі тартылады. (далее…)
Туған жерге адал қызмет етіп жүрген Раушан Махмудова жайлы бір үзік сыр. (далее…)
Науырзым ауданында қазақ аруларына арналған аудандық байқау өтті. (далее…)
Ауданымызда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік кеш өтті. (далее…)
В районном доме культуры состоялись праздничный концерт и церемония награждения женщин за вклад в…
This website uses cookies.