Ауыл сізді құшақ жая қарсы алады!
Жангелдин ауданына қарасты Көкалат ауылы көпбалалы отбасыларды қоныс аударуға шақырады. Ауылға көшіп келген әр отбасыға баспана, жұмыс және төрт түлік малдан көмек көрсетіледі. Бұл – ауылдың дамуына үлес қосып, елді мекеннің еңсесін көтеруге бағытталған игі бастама.
Ауылдың болашағы – ондағы халықтың саны мен ұрпақтың өсіп-өнуіне тікелей байланысты. Осыны ескерген Көкалат ауылының азаматтарымен кәсіпкерлері елді мекенге көпбалалы отбасыларды тартуға ниетті. Бастаманың басты мақсаты – ауылға жаңа тұрғындар әкеліп қана қоймай, оларға тұрақты өмір сүруге қолайлы жағдай жасау.
Атап айтқанда, Көкалатқа қоныс аударған әр отбасыға үй, жұмыс орны, бес бас ірі қара малы, бес бас қой және бес бас ешкі ұсақ мал беріледі. Бұл көмекті ауылдағы жеке шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер мен ауыл азаматтары өзара қолдау көрсетіп, демеушілік жасау арқылы ұйымдастырып отыр.
Ауыл әкімі Есмағамбетов Жұман Мұхамедиярұлының айтуынша, әзірге ұсынысқа қызығушылық танытқандар болғанымен, нақты көшіп келуге ниет білдірген отбасылар табылмай отыр.
– Хабарласқандар бар. Бірақ «міне, келемін» деп нақты шешім қабылдап жатқандар жоқ. Үмітімізді үзбей отырмыз. Жан-жаққа хабарлама таратып, көпбалалы отбасыларды ауылға әкелуге тырысып жатырмыз. Қандай да бір мамандығы болмаса да, мектептегі кіші қызметтерді сақтап отырмын. Ал жүргізуші куәлігі болса, жолдасын жүргізуші ретінде (скорый помощ) жедел жәрдем көлігіне жүргізуші қызметіне тарту мәселесін қарастыруға болады, – дейді ауыл әкімі.
Бұл сөздерден ауыл басшылығының көшіп келушілерге қолдау көрсетуге дайын екенін аңғаруға болады. Яғни, жаңа тұрғындарға тек баспана ұсынып қана қоймай, олардың еңбекке араласып, тұрмысын түзеуіне де мүмкіндік қарастырылмақ.
Жалпы Албарбөгет ауылдық округі бойынша әр үйге су тартылған, жарық (свет), интернетпен қамтамасыз етілген.
Көкалат – тарихы мен тағылымы мол мекен. Ол Жангелдин ауданынан шығысқа қарай 60 шақырым жерде, Қабырға өзенінің сол жағалауында орналасқан. Елді мекен атауы ХІХ ғасырда өмір сүрген Шәкір батырдың көк ала атымен байланыстырылады. Ел аузындағы аңызға сүйенсек, бір шайқаста ауыр жараланған батырды өзі де жараланған аты ұрыс даласынан алып шығып, осы мекенге жеткізген екен. Батырды аман алып қалған тұлпар сол жерде жан тапсырған деседі. Содан бері жылқы өлген жер «Көкалат» аталып кеткен деген әңгіме бар. Ауыл маңында Шәкір батырдың тамы да орналасқан.
Көкалаттың іргесі 1920 жылы «Албарбөгет» ұжымшарының орталығы ретінде қаланса, 1960 жылы Торғай даласында тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде «Еңбек» кеңшарының орталығына айналған.
Бүгінде ауылда округ бойынша 630 адам тұрады. Көкалат ауылындағы «Албарбөгет жалпы білім беретін мектебі» КММ-де 1-11 сынып бойынша 70 бала, даярлық сыныбында 7 бала білім алуда. Бұл – ауылда әлі де тіршілік барын, жас ұрпақтың өсіп келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Ауылға көшіп келу – үлкен шешім. Әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін баспана, тұрақты жұмыс және балалардың білім алуына қолайлы жағдайдың болуы маңызды. Көкалат тұрғындарының ұсынып отырған көмегі осы қажеттіліктерді ескеруге бағытталған.
Бес ірі қара, бес қой және бес ешкіден тұратын мал басы жаңа қоныстанушыларға жеке шаруашылығын жүргізіп, табыс табуға мүмкіндік беруі мүмкін. Ал үй мен жұмыс мәселесінің шешілуі отбасының жаңа ортаға бейімделуіне септігін тигізеді.
Әрине, ауылға көшу – тек бір отбасының емес, тұтас елді мекеннің болашағына әсер ететін қадам. Жаңа тұрғындар көбейсе, мектептің де, ауыл тіршілігінің де жандануына ықпал етеді. Сондықтан бұл бастамаға қолдау білдіру – ауылдың ертеңіне бейжай қарамаудың бір көрінісі.
Көкалат ауылы көпбалалы отбасыларды құшақ жая қарсы алуға дайын. Егер ауылға көшіп, жаңа өмір бастауға ниетті болсаңыз, ауыл әкімі Есмағамбетов Жұман Мұхамедиярұлына хабарласуға болады.
Байланыс телефоны: +7 747 598 1973. Жұмыс телефоны 8- 714 -39-26-2-62
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген – автор
Обеспечение надежной охраны государственной границы и укрепление пограничной безопасности всегда остаются в числе ключевых приоритетов…
В Камыстинском районе подвели итоги конкурса видеороликов и короткометражных фильмов на тему «Таза Қазақстан». Всего…
Этот значимый подарок для Нурдаулета Чажабаева и Альфии Рахметовой, воспитывающих пятерых детей, стал возможен благодаря…
Записаться на личный прием можно через портал e-Otinish или по телефону 50-57-84. По этому же…
Жангелдин ауданына қарасты Тәуіш ауылында жол бойындағы жаңа дәмхананың құрылысы аяқталуға жақын. Құны 70 миллион…
Их наградили 29 октября в Костанае ко Дню опекуна и 10-летию Национального агентства по усыновлению.…
This website uses cookies.