Кәсіпкерлік – ел экономикасының тірегі, ауылдың әлеуметтік дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды тетігі.
Өз ісін дөңгелетіп, туған жерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіп иелерінің еңбегі қашанда құрметке лайық. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті өндірісті дамытып қана қоймай, ауыл өмірінің жандануына да айрықша үлес қосып келеді. Осы мақсатта 29 қазан күні Жангелдин ауданында алғаш рет «Кәсіпкер – елдің ырысы, ауылдың тынысы» атты кәсіпкерлер күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынның басты мақсаты – аудан кәсіпкерлерінің еңбегін дәріптеу, жетістіктерін көпшілікке таныстыру, іскер азаматтарға қолдау көрсету және кәсіпкерлік саласының дамуына серпін беру. Сонымен қатар шара жас ұрпақтың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттырып, жаңа бастамаларға жол ашуды көздеді.
Салтанатты басқосу аудан кәсіпкерлерінің тыныс-тіршілігі мен жетістіктерін таныстырған бейнероликпен басталды. Онда туған жердің дамуына үлес қосып, адал еңбегімен табысқа жетіп жүрген кәсіп иелерінің жұмысы көрініс тапты.
Жиында аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев кәсіпкерлерді мерекемен құттықтап, олардың аудан экономикасын дамытудағы, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудағы және халықтың тұрмыс сапасын жақсартудағы еңбектеріне жоғары баға берді. Сондай-ақ бірқатар кәсіпкерге Қостанай облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының алғыс хаттарын табыстады.
Мерекелік шараның маңызына тоқталған «Жангелдин ауданының кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Жадыра Қошеметова кәсіпкерлердің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай басқосулар іскер азаматтардың еңбегін дәріптеп қана қоймай, өзара тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар мен бастамалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті қолдау арқылы ауыл экономикасын нығайтып, жергілікті өнім өндірушілердің әлеуетін арттыруға жол ашылады.
Мерекенің ең маңызды сәттерінің бірі – аудан кәсіпкерлерін арнайы номинациялар бойынша марапаттау рәсімі болды. Адал еңбегімен, табанды ізденісімен және іскерлігімен ерекшеленген азаматтар «Үздік ауыл кәсіпкері», «Іскер әйел», «Ұлттық құндылықтарды дәріптеуші әйел», «Ауыл дамуына үлес қосушы кәсіпкер», «Үздік ас кәсіпкері», «Табысты кәсіпкер», «Үздік отбасылық бизнес», «Іскерлік бастама», «Үздік ауыл шаруашылығы кәсіпкері», «Ауыл ажарын ашқан кәсіпкер», «Қайырымды кәсіпкер», «Атымтай жомарт кәсіпкер», «Меценат кәсіпкер», «Ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуші кәсіпкер» және «Үздік тасымалдаушы кәсіпкер» аталымдары бойынша марапатталды.
Әрбір марапат – кәсіп иелерінің тынымсыз еңбегі мен туған жерге деген жанашырлығының айғағы. Бұл – аудан кәсіпкерлеріне көрсетілген құрмет қана емес, олардың алдағы жұмысына берілген серпін.
Шара барысында мерекелік көңіл күй концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Әсем ән мен күмбірлеген күй көпшілікке ерекше әсер сыйлап, мерекенің сәнін кіргізді.
Сонымен қатар Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің фойесінде жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда ұлттық қолөнер бұйымдары, түрлі тағамдар мен жергілікті өнімдер көпшілік назарына ұсынылды.
Көрмеге қатысқан «Аламан құрақ» жобасының мүшесі, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында аламан құрақ тігіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген жеке кәсіпкер Құралай Молдабаева өзінің ерекше қолөнер туындыларын таныстырды. Шебердің ұлттық нақыштағы бұйымдары қазақ қолөнерінің бай мұрасын жаңғыртып, ұлттық құндылықтардың маңызын айшықтай түсті.
Ал жеке кәсіпкер Әсел Әбеуа түрлі ұн тағамдарының көрмесін ұйымдастырып, өз өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ Сужарған ауылының тұрғындары да ұлттық тағамдар әзірлеп, көпшілікке таныстырды. Мұндай көрме-жәрмеңкелер жергілікті өнімдерді насихаттап қана қоймай, кәсіпкерлер арасындағы тәжірибе алмасуға да мүмкіндік береді.
Жангелдин ауданында алғаш рет өткен Кәсіпкерлер күні – іскер азаматтардың еңбегін бағалап, олардың қоғамдағы орнын айқындаған тағылымды шара болды. Бұл басқосу кәсіпкерліктің тек табыс көзі емес, сонымен қатар ауылдың өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатының артуына және жергілікті экономиканың дамуына ықпал ететін маңызды күш екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді жолдаған Жангелдин ауданының кәсіпкерлік бөлімі
«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері мемлекеттік наградамен марапатталды. (далее…)
Одним из важных шагов в этом направлении стало расширение системы видеонаблюдения. (далее…)
Историями поделились зрители YouTube-канала «Другие места». (далее…)
Елдің ықыласына бөленген игі істер – қоғамдағы адамгершілік пен жанашырлықтың жарқын көрінісі. (далее…)
Подозреваемого уже задержали, об этом сообщает "Тоболинфо" (далее…)
Как лучше понимать своего ребенка, поддерживать его в период взросления и выстраивать отношения, основанные на…
This website uses cookies.