Жангелдин: Қауіптің алдын алатын құрылғы
Әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне газ және түтін датчиктері орнатылуда.
Жылыту маусымы қарсаңында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар Жангелдин ауданында да күшейтілді. Ауданның төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін сақтау, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Осы мақсатта жергілікті атқарушы органның қаржыландыруы есебінен сатып алынған газ және түтіннен қорғау датчиктері аудан аумағында тұратын әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың тұрғын үйлеріне орнатылып жатыр. Бүгінде барлығы 211 дана датчик орнатылған.
Жангелдин ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Мұқатовтың айтуынша, жылыту маусымында тұрғындардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуі қажет.

– Жылыту маусымы басталар алдында тұрғын үйлердегі пештер мен жылыту құрылғыларының жарамдылығын тексеру өте маңызды. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың қауіпсіздігіне баса назар аударып отырмыз. Газ және түтіннен қорғау датчиктерін орнату – төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған тиімді шаралардың бірі. Қауіпті газ жиналған немесе түтін пайда болған жағдайда құрылғы бірден дыбыстық белгі беріп, тұрғындарға ескерту жасайды. Бұл адамдардың дер кезінде қауіпсіз жерге шығуына мүмкіндік береді, – дейді Нұрсұлтан Мұқатов.
Газ және түтіннен қорғау датчиктерінің басты ерекшелігі – қауіпті жағдайды ерте анықтауында. Үй ішінде түтін пайда болған немесе қауіпті газдың мөлшері артқан кезде құрылғы дыбыстық белгі арқылы тұрғындарды ескертеді. Бұл, әсіресе, адамдар ұйықтап жатқан түнгі уақытта маңызды.
Мамандардың айтуынша, мұндай құрылғылар өрттің және көмірқышқыл газынан уланудың алдын алуға көмектеседі. Дегенмен қауіпсіздік тек датчик орнатумен шектелмейді. Тұрғындар да қарапайым өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауы тиіс.
– Пешті қараусыз қалдырмау, ақаулы жылыту құрылғыларын пайдаланбау, түтін мұржаларын уақытылы тазалау және олардың техникалық жағдайын тұрақты бақылау қажет. Жылыту құралдарын дұрыс пайдалану – қауіпсіздіктің негізгі шарттарының бірі. Көп жағдайда қайғылы жағдайдың алдын алуға болады. Ол үшін тұрғындардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы маңызды, – дейді Нұрсұлтан Мұқатов.
Жылыту маусымы кезінде пеш жағу тәртібін сақтамау, түтін мұржаларының бітелуі, жылыту құрылғыларының ақаулы болуы өртке немесе адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан мамандар тұрғындарды жылыту маусымы басталмай тұрып қажетті тексеру жұмыстарын жүргізуге шақырады.
Жангелдин ауданының төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды, пештер мен жылыту құрылғыларының жарамдылығын алдын ала тексеруді және қауіпсіздік ережелерін ескермеуге болмайтынын ескертеді.
Қауіптің алдын алу – әр адамның өзінен басталады. Қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы өрттің, газдан уланудың және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алуға болады.
Шұға Қоңқабай,
Суреттерді жолдаған – аудандық төтенше жағдайлар бөлімі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31