Отын қоры мен жылу жүйелері тексерілуде.
Қыр астында қыркүйек. Жангелдин ауданында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан әкімдігінің мәліметінше, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қысқы кезеңге дайындау, қажетті отын қорын қалыптастыру және жылу жүйелерінің техникалық жағдайын тексеру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда.
Аудан басшысының қаулысына сәйкес, 2026 жылдың қазан айынан бастап білім беру ұйымдары, спорт кешені, спорт мектебі, денсаулық сақтау нысандары және тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған.
Жылыту маусымын тұрақты өткізу үшін аудан бойынша көмір қорын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Қостанай облысы бойынша электр станциялары, бюджеттік және коммуналдық кәсіпорындар, сондай-ақ халық үшін 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына көмір жеткізу жоспары бекітілген.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жоспар бойынша Жангелдин ауданына жалпы 20 720 тонна көмір жеткізілуі тиіс. 2026 жылғы 20 тамыздағы жағдай бойынша оның 9 092 тоннасы жеткізілген. Бұл жалпы жоспардың 45 пайызын құрайды.
Көмірдің негізгі бөлігі әлеуметтік және коммуналдық нысандарға бағытталуда. Білім беру ұйымдарына: 4 480 тонна, аудан тұрғындары үшін: 3 604 тонна, бюджеттік ұйымдарға: 1 495 тонна, денсаулық сақтау саласына: 588 тонна, коммуналдық кәсіпорындарға: 555 тонна.
Қысқы отын ауданға жеке тасымалдаушылар арқылы Арқалық қаласы мен Шұбаркөл елді мекенінен жеткізілуде. Аудан әкімдігі көмір жеткізу жұмыстары жылыту маусымы басталғанға дейін жалғасатынын хабарлады.
Жылыту маусымының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету және қыс мезгілінде туындауы мүмкін авариялық жағдайлардың алдын алу мақсатында жылу тарату нысандарына тексеру жүргізілді. Бұл жұмыстарды «Жангелдин ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі ауданның Төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп атқарған.
Тексеру барысында жылу қазандықтары, жылу желілері және басқа да инженерлік инфрақұрылым нысандарының жағдайы қаралды. Мамандар ақаулар мен кемшіліктерді анықтап, жауапты тұлғаларға тиісті ескертулер берген. Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, мұндай тексерулердің негізгі мақсаты – жылыту маусымы басталғанға дейін кемшіліктерді жою және қыс кезінде жылумен қамту жүйесінде іркілістерге жол бермеу.
2026 жылы аудандағы білім беру нысандарын қысқы кезеңге дайындау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған. Қ.Топаев атындағы мектепке 12 миллион 550 мың теңгеге екі жылу қазандығы мен мұржа орнатылдыҒ.Қайырбеков атындағы мектепке жаңа мұржа орнатылды. Ы. Алтынсарин атындағы мектептің жылыту жүйесі толық ауыстырылды.
Бұл жұмыстардың барлығы қыс мезгілінде білім беру нысандарын тұрақты жылумен қамтамасыз етуге бағытталған. Әкімдік әлеуметтік нысандардың, әсіресе мектептер мен денсаулық сақтау ұйымдарының қысқы кезеңге дайындығына ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
Аудан орталығы Торғай ауылындағы орталықтандырылған жылу жүйесінің дайындығы да бақылауда. Қазіргі уақытта ауылда жұмыс істеп тұрған төрт орталықтандырылған жылыту қазандығы толықтай қысқы кезеңге дайындалған. Торғай ауылындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 1,8 шақырымды құрайды.
«Коммуналдық қызметтердің негізгі міндеттерінің бірі – жылыту маусымы басталғанға дейін жылу қазандықтары мен желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, қажетті отын қорын жинақтау және авариялық жағдайларға жедел әрекет етуге дайын болу. Сонымен бірге «Жангелдин ауданының ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ мен оның «Коммуналдық шаруашылық кәсіпорны» МКК тарапынан энергия таратушы ұйымдардың 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу бойынша жұмыстар жүргізілді. Тиісті құжаттар жолданған. Әзірлік паспортын 2026 жылғы 24 тамызда алу жоспарланып отыр», – дейді аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев.
Жылыту маусымына дайындық барысы аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында. Аталған бағыттағы жұмыстардың орындалуы туралы «Қостанай облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына» әр аптаның дүйсенбі күні жедел ақпарат беріліп отырады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді жолдаған аудан әкімдігі
В Камыстинском районе успешно реализуется программа «Жасыл ел», которая стала неотъемлемой частью летней жизни района…
Қызылордадан қоныс аударған Алтынбек Оңдасынұлы аудан орталығында тұрғындарға арналған демалыс орнын салып, бірқатар әлеуметтік нысандардың…
Қамысты ауданында малдың қауіпсіздігі мен санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыс басталды. 2026 жылы республикалық…
Жалпыға бірдей білім беру қоры туралы білесіз бе? (далее…)
Двухдневный туристический выезд прошел на базе отдыха в Костанайском районе, передает "Наш Костанай" (далее…)
В здании специализированной пожарной части №4 проведут текущий ремонт (далее…)
This website uses cookies.