Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Сарыкөл ауданында болды
Ұлттық өнер ұлықталған кеш.
Бүгін Сарыкөл аудандық мәдениет үйінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі ұжымының «Халық әуені» атты концерттік-гастрольдік бағдарламасы өтті. Ауқымды мәдени шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен, «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының демеушілігімен және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылды.
Қостанай облысы бойынша ұйымдастырылып жатқан гастрольдік сапар аясындағы концерт Сарыкөл жұртшылығына ерекше рухани әсер сыйлады. Кеш барысында көрермендер қазақтың дәстүрлі күй өнерінің жауһар мұраларымен сусындап, ұлттық музыканың терең мазмұны мен көркемдік қуатын сезінді.
Концерт бағдарламасында Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Ықылас Дүкенұлы, Дина Нұрпейісова сынды ұлы күйшілердің таңдаулы шығармалары орындалды. Сонымен қатар халық әндері, Шәмші Қалдаяқов әндері және әлемдік классикалық туындылар көрермен назарына ұсынылды.

Оркестрдің жоғары кәсіби шеберлігі, сахна мәдениеті мен ұлттық нақышқа бай орындау мәнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әр шығарма тыңдарманды қазақ өнерінің терең тамырымен қауыштырып, ерекше әсерге бөледі.
Кештің көркін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Жеңіс Ысқақова аша түсті. Белгілі өнер иесінің орындауындағы әндер зал көрермендерінің зор қошеметіне ие болды.

Ұлттық өнерді ұлықтаған тағылымды кеш соңында Сарыкөл ауданының әкімі Марат Шымырбеков сөз сөйлеп, мәдениет саласы өкілдеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ Жеңіс Ысқақова мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі ұжымына Алғыс хаттар, ықылас гүлдері мен сый-сияпат табыс етті.
«Халық әуені» жобасы Сарыкөл өңірінің тұрғындары үшін ұлттық рухты асқақтатқан, мәдени маңызы зор рухани кеш ретінде есте қалды.

-Рухани әсерге толы ерекше кеш болды. Қазақтың қасиетті күйі мен ұлттық өнерінің ғажайып әлеміне бойлап, зор ықыласпен тамашаладық. Концерт көңілімізден шықты. Ерекше әсер алдық. Ұлттық өнердің құдіретін сезіндірген бұл кеш Сарыкөл жұртшылығының жүрегінде жылы әсер қалдырды,- дейді сарыкөлдік көрермен Зылиха Елеусізқызы.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Суреттерді түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31