Қамыстының мерейін асырған кәсіпкер

Қамысты ауданы да аймағымыздағы шағын кәсіпкерлік барынша жүйелі дамып отырған өңірлердің қатарында. Бүгінгі уақытта ауданымызда 465 кәсіп иелері тіркелген. Көшпен бірге шаруасын дөңгелентіп келе жатқан шағын бизнес иелерінің бірі – Арқа ауылының тұрғыны Жамал Жарболова. Кәсіпкер ширек ғасырдан бері тұрғындарға қоғамдық тамақтану қызметін көрсетіп келеді. Білім, теміржол салаларында ыстық тағам ұсынып отырған Жамал Жарболова бір ғана кәсіппен тоқтап қалмапты.


Кейіпкеріміз Ливанов ауылының бөлімшесі болған Көбен елді мекенінің тумасы. Осыдан жиырма жыл бұрын Арқа ауылына қоныс аударыпты. Содан бері қазіргі елді мекені мен Қарабатыр мектептерінің асханаларында балаларды тамақтандырып келеді.

– Мен жиырма бес жылдың алдында асханада еңбек етіп бастадым. 2004 жылы ресми түрде Қамыстыда кәсіпкер болып тіркелдім. Аудан орталығындағы қазақ мектебіне қызмет көрсеттім. Арқа арқылы батыс аймақтарға жаңадан теміржол ашылған кезден бері 7 жылдай машинистерге ас әзірледім. Әлі күнге дейін тағамтану саласында жұмыс істеп келе жатырмын. Қазір Арқа мен Қарабатыр мектептерінде 200-ге жуық оқушыны ыстық тамақпен қамтып отырмыз. Екі білім ордасындағы қызметкерлер саны сегізге жетеді. Осы кәсібімнен бөлек, жеке дүкеніміз бар, – деді Жамал Жарболова.

Қазір Қамысты еліне танымал болған бизнес өкілі облысымыз бен республика көлемінде өтетін үлкен шараларға шақырту алып тұрады. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын, яғни, 2023 жылдың қазан айында Астана қаласында өткен кәсіпкерлердің форумына қатысып, ҚР Ұлттық экономика министрінің Алғыс хатына ие болды. «Қазақстанның 100 табысты ауыл әйелі» кітабына есімінің енуі – ауданымыз үшін ғана емес, тұтас облысымыз үшін зор мәртебе. Қазір алпыс жасқа келсе де, еңбегінің нәтижесін көру де айтарлықтай мақтаныш. Ал облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай берген грамотасының да орны ерекше.

Жамал Жарболова – үш жылдан бері аймағымыздың іскер әйелдер ассоциациясы мүшесі. Өткен жазда өңірлік кәсіпкерлер форумына келген екен. Жақында ғана Ақтөбе қаласында өткен «Шексіз бизнес – 2024» кәсіпкер әйелдердің республикалық форумына қатысып келіп отыр. Оның негізгі мақсаты – шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы заманауи сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді қарастыру, цифрландыру мен жасанды интеллектің бизнесті трансформациялауға әсерін зерделеу, бүгінгі таңда бизнесті ілгерілетуде қандай көшбасшылық дағдылар қажет екенін анықтау. Форумда елімізге танымал кәсіпқой спикерлер түрлі кеңестерімен бөлісіпті.

– Біздің облысымыздан делегацияны Іскер әйелдер ассоциациясының өңіріміздегі төрайымы Гүлсара Жаманқұлова бастап барды. Құрамымызда сондай-ақ, облысымыздың балалар мен әйелдерді қорғау жөніндегі уәкілі Несібелі Зариванқызы, жітіқаралық Роза Сейілханқызы да бар.

Делегациямыз форумның барлық алаңдарында белсенді түрде таныстырылды. Сондай-ақ, «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы аясында біздің әйелдер Іскер әйелдер қауымдастығының басқа филиалдарының өкілдерімен ынтымақтастық туралы келісті. Форум аясында бірқатар іс-шаралар өтті: франчайзинг көрмесі, «Made in Aqtobe» көрмесі, тренингтер, жетекші сарапшылар мен бизнес-кеңесшілердің шеберлік сыныптары. Ең бастысы, әрине, ел көрдім, жер көрдім, біраз кәсіпкерлермен, соның ішінде бизнес саласындағы ханымдармен таныстым, – дейді кейіпкеріміз.
Бұл жолы тәжірибелі кәсіпкер қаржы-несие саласында біраз дүние үйреніп келдім деп отыр. Әсіресе, Ақтөбеде отандық бренд тауарлар қызықтырыпты. Енді сол форумнан кейін бір мақсаты бар – ауданда кулинария, кофетерий ашу.

Бүгінде Жамал Жарболова екі қызынан жеті немере көріп отырған ардақты әже. Тапқан табысының бір бөлігін қайырымдылық мақсаттарға жұмсап, ауданымызда өтетін игі істердің бел ортасынан табылып жүр. Соның ішінде Қарттар күні, Балалар күні мереке иелерін сый-сияпатсыз қалдырмайды. «Мектепке жол» акциясының тұрақты демеушісі. Жоғарыда айтылған «Қазақстанның 100 табысты ауыл әйелі» кітабында Жамал Жарболованың есімімен қатар, балаларға балмұздақ, ойыншық, таратып жүрген суреттермен бірге басылған беттер бар.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттер кәсіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Редактор

Поделиться
Опубликовал
Редактор

Недавние новости

В Карасуском районе прошёл День донора

За два дня участниками традиционной акции по забору донорской крови стали 75 человек, пожелавших внести…

2 часа назад

Костанайская область лидирует по уровню цифровизации промышленности в стране

Об этом было завлено на аппаратном совещании акима области. (далее…)

2 часа назад

В Камыстинском районе открыли агроклассы

В Камыстинской средней школе № 1 начали формировать агрокласс, который объединит растениеводство, инженерное дело и…

2 часа назад

Жангелдин ауданында тоғыз ауылда ветеринариялық пункт салынып жатыр

Биыл Жангелдин ауданында мал шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ветеринариялық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстар…

3 часа назад

Қамыстыда оқушылар жеміс ағаштарын отырғызды

Қостанай облысында «Менің аулам – менің бағым» жобасы аясында мектеп аулалары жеміс бағына айналып келеді.…

4 часа назад

Жангелдин ауданында үш ауылда медициналық пункт салу жоспарланып отыр

Торғай өңірінде хирург пен фельдшер мамандарына сұраныс бар. Алдағы екі жылда Тәуіш, Көкалат және Ақшығанақ…

4 часа назад

This website uses cookies.