Науырзым ауданында Ақылбек Шаяхметтің

 «Жүрегінен жырдың кенін ағызған» атты әдеби кеші өтті”

Науырзым ауданында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхметтің 75 жылдық мерейтойына арналған «Жүрегінен жырдың кенін ағызған» атты әдеби-сазды шығармашылық кеш жоғары деңгейде өтті. Рухани шараға аудан басшысы Мәди Ихтиляпов, аудан жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәдениет қызметкерлері мен жас оқырмандар қатысып, қаламгер шығармашылығына деген зор құрметтерін білдірді.

Мерейтой аясында аудандық орталық кітапхана ұжымы ақынның өнегелі өмір жолы мен бай әдеби мұрасын насихаттауға арналған кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге қаламгердің әр жылдары жарық көрген өлең-жыр жинақтары, поэмалары, драмалық шығармалары, публицистикалық мақалалары мен түрлі басылымдарда жарияланған еңбектері қойылып, оқырман қауым назарына ұсынылды. Әсіресе, ақынның туған елге, ұлт руханиятына, адамгершілік пен туған жерге деген сүйіспеншілікті арқау еткен туындылары көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.

Кеш барысында ақын шығармаларынан Жамбыл ЖББМ оқушылары үзінділер оқып, жүрекке жетер жыр шумақтары көрермен көңілін тебірентті. Сонымен қатар, өнерпаздар тарапынан әдеби-сазды композициялар орындалып, кеш мазмұнын аша түсті. Шарада сөз алған зиялы қауым өкілдері мен әдебиет жанашырлары Ақылбек Шаяхметтің қазақ әдебиеті мен журналистикасына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

— Ақылбек Шаяхметтің шығармалары — ұлттық руханияттың асыл қазынасы. Оның қаламынан туған әрбір туындысында туған елге деген сүйіспеншілік, ұлтқа деген жанашырлық айқын көрінеді. Осындай тұлғалардың еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау — баршамыздың міндетіміз, — деді Қостанай облысының Құрметті азаматы Өмірзақ Ихтиляпов.

Тағылымы мол рухани кеш көпшілікке ерекше әсер сыйлап, жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыра түсті. Мұндай мазмұнды шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ел руханиятының дамуына серпін беретіні анық.

Жібек МЫРЗАҒАЛИ
Суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2