Торғай өзенінің бойында орналасқан, ғасырға жуық тарихы бар ескі ағаш көпір осыдан екі жыл бұрын ел игілігіне берілді. Тозығы жетіп, құлаудың аз-ақ алдында тұрған тарихи нысанды жергілікті кәсіпкер, нағыз ел патриоты Бауыржан Айтжанов өз қаражатына толық жөндеп шықты.
1928-1930 жылдары салынған бұл көпірдің аймақ үшін тарихи маңызы зор. Кезінде Торғай мен Орынбор арасындағы үлкен қатынас жолы осы өткел арқылы өткен. Алайда уақыт өте келе көпір мүлдем істен шығып, ортасында тек ағаш қадалары ғана қалған болатын.
«Көпірдің тесіліп қалғаны соншалық, машина былай тұрсын, малдың өзі әрең өтетін. Кезінде анам марқұм айтып отыратын: «Бала күнімізде осы көпірдің үстіне жан-жағына майшам жағып қойып, би кешіне келетінбіз» деп. Анам 1922 жылғы кісі еді. Сол естеліктер мен елдің қажеттілігін ойлап, алдыңғы жылы бұл істі қолға алдым», – дейді кейіпкеріміз Бауыржан Айтжанов.
Өз өңірінің жанашыры көпірді қалпына келтіру үшін ешқандай мемлекеттік бағдарламаға иек артпай, құрылысты өз қалтасынан қаржыландырған. Нысанның бастапқы сәулеттік стилін сақтай отырып, оны заманауи ылғалға төзімді материалдармен жаңартқан.
Ауыл тұрғынының айтуынша, көпірдің құрылысына айтарлықтай қаражат кеткен. 3 миллион теңгеден астам қаражат тек таза құрылыс материалдарына жұмсалған. 3 миллион теңгеге жуық ақша жұмысшылар жалдауға, техника мен шеберлердің ақысына кеткен. Жалпы шығын 6 миллион теңгеден асса да, Бауыржан аға бұл әрекетін мақтаныш тұтпайды. «Қазақта «Елге пайдасы тиетін ең бірінші көпір сал» деген сөз бар. Мен тек азаматтық, перзенттік парызымды өтедім», – дейді ол.
Бауыржан Айтжанов – Торғай өңірінің тумасы. Өмір бойы туған жерде еңбек етті. Жас күнінде жүргізуші, құрылыс шебері, бригадир болып, өңірдегі «Еңбек», «Албарбөгет», «Ақшығанақ» сияқты бірнеше совхоздарға су тарту жұмыстарын жүргізуге атсалысты. Еңбекте озық атанып, зейнетке шыққан соң да қарап отырмай, «Кенесары АБК» шаруа қожалығын құрып, мал және егін шаруашылығымен айналысып келеді.
Бүгінде қайта жаңғырған көпір жергілікті халықтың ең сүйікті орнына айналған. Екі жыл бұрын іске қосылған нысанның арқасында ауыл тұрғындары жаз бойы өзеннен балық аулайды.
Торғай өзенінің бұл тұсы өте бай келеді – тереңдігі 2 метрден 20 метрге дейін жететін су айдынында шортан, сазан, алабұға және ақбалық тайдай тулап жүр. Бүгінде көпір тек өткел ғана емес, ауылдың берекесін кіргізіп отырған құтты мекенге айналды.
Әлеуметтік желі қолданушылары мен жергілікті тұрғындар мемлекетке салмақ салмай, тарихи орынды жаңғыртқан Бауыржан Айтжановтың бұл ісін нағыз патриотизм мен жанашырлықтың үлгісі деп бағалауда.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген – автор
Благоустройство - не всегда только про лопаты и лейки. Иногда для того, чтобы изменить мир…
Жаз айы – мектеп оқушылары үшін асыға күтетін ең көңілді әрі ұзақ демалыс кезеңі. Осы…
Об этом корреспондентам районной газеты сообщил главный коммунальщик района Арман Хасенов (далее…)
Тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және өмір сүруге қолайлы жағдай жасауға баса мән берілмек (далее…)
Пять многоквартирных домов этим летом приведут к единому архитектурному стилю (далее…)
Этот проект, реализованный за счет собственных средств, стал не только инновацией для населенного пункта, но…
This website uses cookies.