Торғайдағы Қаратүбек мектебі 100 жылдығын атап өтті

 Ғасырлық тарихы бар білім ордасынан академиктер, ғалымдар мен елге танымал қаламгерлер түлеп ұшқан.

Торғай төріндегі Қаратүбек мектебі ғасырлық белесті бағындырды. 1926 жылы ауыл балаларына білім беруді бастаған қара шаңырақ бүгінде 100 жылдық тарихын артқа тастап, екінші ғасырына қадам басты. Мерейтой аясында мектептің өткені еске алынып, ұлағатты ұстаздардың есімі ұлықталды. Алтын ұядан қанат қаққан түлектер бас қосып, білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

Бір ғасыр ішінде мектеп талай буынның тағдырына куә болды. Заман өзгерді, білім беру жүйесі жаңарды, мектептің материалдық базасы нығайды. Алайда оның басты миссиясы – ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру – өзгерген жоқ. Қаратүбек мектебінің ерекшелігі – оның тарихының елге белгілі тұлғалардың есімімен сабақтасуында. Бұл білім ордасынан ағайынды академиктер Сәбит және Сайлау Байзақовтар, ғылым докторлары Серікбай Айсағалиев, Фазылған Бәйімбетов, Құрманғали Дәркенов, Айсәуле Дүйсебекова сынды ғалымдар түлеп ұшқан. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Төлен Әбдік, Серік Тұрғынбекұлы, Қойшығара Салғара, Сейіт Кенжеахметұлы да осы мектептің шәкірттері. Сондықтан Қаратүбек мектебі бүгінде аудан ғана емес, Торғай өңіріндегі танымал білім ошақтарының бірі саналады.

Мерейтойлық шараның қара шаңырақта өтуі де осы сабақтастықтың мәнін айшықтады.

– Бүгіннен бастап, мінекей, екінші ғасыр басталды. Осы қалған уақытта Қаратүбек мектебіне тек қана жарқын болашақ, үлкен белестер, мұғалімдер қауымына толағай табыстар тілеймін. Оқушыларымыз осы мектептің жақсы атын жоғары деңгейде ұстап, биіктете берсін, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова.

Бір ғасыр бұрынғы ауыл мектебі мен бүгінгі білім ордасының келбеті де айтарлықтай өзгерген. Қазір Қаратүбек мектебінде заманауи талапқа сай жабдықталған кабинеттер мен жаңартылған мәжіліс залы бар. Білім ордасында бүгінде 40 мұғалім еңбек етеді. 1-11 сыныптарда 124 оқушы білім алуда. Сонымен қатар мектепте мектепалды даярлық сыныбы мен шағын орталық жұмыс істейді. Мектептің материалдық базасын жаңартуға оның түлектері мен ұстаздар әулеттері де үлес қосып келеді. Ағартушы ұстаздардың ұрпақтары үш кабинетті – қазақ тілі, математика және бастауыш сынып кабинеттерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде.

– Қазіргі таңда мектебімізде балалардың сапалы білім алып, тәрбие алуына барлық мүмкіндік жасалған. Ұстаздарымыз да, ата-аналарымыз да, мектеп түлектері де білім ордасының дамуына өз үлестерін қосып келеді, – дейді Қаратүбек жалпы білім беретін мектебінің директоры Данияр Кенжеғалиев.

Қаратүбек мектебінің ғасырлық шежіресі ұстаздар еңбегімен тығыз байланысты. Осы жылдар ішінде қаншама мұғалім ауыл баласына білім беріп, олардың өмір жолына бағыт сілтеді. Мерейтой аясында мектепте ұзақ жылдар еңбек еткен ұстаздардың есімімен аталатын кабинеттер ашылды. Солардың бірі – білім ордасында 42 жыл еңбек еткен ұлағатты ұстаз Қали Мақатовтың аты берілген кабинет.

Кабинеттің ашылу рәсіміне ұстаздың ұрпақтары қатысып, әулет үшін ғана емес, мектеп тарихы үшін де маңызды сәттің куәсі болды.

– Әкем 42 жылын осы мектепке арнады. Оның шәкірттерінің арасында қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, мектеп басшылары болды. Қазір сол дәстүрді кейінгі ұрпақ жалғастырып келеді. Шөберелеріне дейін білім алып, бірі шетелде оқып жатыр, – дейді ұстаз ұрпағы Артур Мақатов.

Ұстаз есімін ұлықтау – өткенді еске алу ғана емес, бүгінгі ұрпаққа өнеге көрсету. Себебі мектептің қабырғасы жаңарғанымен, ұстаздың шәкірт жүрегіне қалдырған ізі уақытпен бірге өшпейді. Мерейтойдың салтанатты бөлігінде мектептің дамуына үлес қосқан ұстаздар мен демеушілер марапатталды. Ал ғасырлық той ұлттық спорт пен бұқаралық жарыстарға ұласты.

Торғайдың дәстүрі мен ұлттық рухын айшықтаған шараларда көкпар, аламан бәйге, қазақ күресі ұйымдастырылды. Сонымен қатар волейбол, арқан тарту, қол күресі, асық ату және таяқ тартудан жарыстар өтті.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бибіт НҰРМҰХАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 5