Осы жылдың 25 маусымында өңірде дәстүрлі «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының алғашқы іріктеу кезеңі басталады. Биылғы доданың аудандық кезеңінде Қамысты ауданының намысын қорғап, бақ сынайтын басты үміткерлердің бірі – көпшілікке үлгі болып үлгерген Сағидуллиндер отбасы.
Қазіргі қоғамда отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбиені ту еткен шаңырақтардың орны ерекше. Осындай өнегелі ұяның бірі – биыл шаңырақ көтергендеріне 14 жыл толған Сағидуллиндер әулеті. 2012 жылдың тамыз айында негізі қаланған бұл отбасы бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі шаңырақтардың қатарында аудандық кезеңде үздік атануға басты үміткер болып отыр.
Отағасы, Руслан Төлегенұлы – Жайылма негізгі мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ұрпақ тәрбиесімен қатар, ауданда салауатты өмір салтын насихаттаумен айналысады. Әріптестері мен оқушылары арасында зор құрметке ие маман.
Отбасының ұйтқысы болып отырған ата-ана – өз саласының нағыз мамандары мен ауданның белсенді азаматтары. Отанасы, Айнұр Асылбекқызы – Қамысты ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығының басшысы. Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолында аянбай еңбек етіп қана қоймай, аудандық мәдени және қоғамдық шараларды ұйымдастыруға белсене атсалысып келеді. Тіл жанашыры болумен қатар, Айнұр ұлттық салт-дәстүр мен қазақ асханасының мұрасын үйде де берік ұстанады. Ол қазақтың ұлттық тағамдарын ерекше талғаммен дайындайды, әсіресе оның қолынан шыққан ежелгі тәтті тағам – женттің дәмі ағайын-туыс пен ауылдастары арасында жоғары бағаланған.
Ерлі-зайыптылар бүгінде үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары – 8-сынып оқушысы Даниал Төлегенов қазірдің өзінде спортта елеулі жетістіктерге жеткен. Ол аралас жекпе-жекпен (ММА) айналысады және аудандық, облыстық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері. Сыныптастары арасында да жауапкершілігі жоғары, белсенді оқушы ретінде танымал. Одан кейінгі ұлдары Ибрагим мен Мұстафа, және үйдің кенжесі әрі еркесі – Зейнеп есімді қызы үлкен ағалары мен ата-анасының өнегелі жолын үлгі тұтып өсіп келеді.
Осы ретте отбасының тірегі, отанасы Айнұр Асылбекқызы өздерінің өмірлік ұстанымдары мен алдағы сайыс туралы ойын бөлісті.
«Біздің шаңырақ – сүйіспеншілік пен сыйластықтың, ұлттық тәрбие мен ізгілік құндылықтарының мекені. Жолдасым Руслан екеуміз 2012 жылдан бері қуаныш пен қиындықты қатар бөлісіп, бақытты жанұя құрып келеміз. Бүгінде біздің ең үлкен байлығымыз, өміріміздің мәні мен болашағымыздың жалғасы — төрт баламыз. Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым. Сондықтан біз балаларымызды салт-дәстүрді құрметтеуге, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуға, адалдық пен еңбекқорлыққа тәрбиелейміз.
Біздің ең үлкен арманымыз – перзенттеріміздің білімді, тәрбиелі, халқына пайдасы тиетін азамат болып өсуі. «Берік отбасы – мықты мемлекеттің негізі» дейді ғой. Біз үшін шынайы бақыт – берекелі отбасы, аман ұрпақ және бейбіт ел! Осы байқау арқылы шаңырағымыздың жылуы мен бірлігін көрсетіп, өзге де жас отбасыларға үлгі болғымыз келеді», – дейді отбасының анасы Айнұр.
Сағидуллиндер отбасы спорттық, мәдени және қоғамдық-пайдалы шараларға тұрақты түрде қатысып тұрады. Олардың айтуынша, 25 маусымда өтетін аудандық сайыс – олар үшін үлкен жауапкершілік. Бұл кезеңде жеңіске жеткен отбасылар ғана алдағы уақытта облыстық деңгейде аудан намысын қорғауға жолдама алады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді жолдаған – Айнұр Сағидуллина
Қарасулық Мәди Козубаев белсенді өмір салтын ұстанатын еңбекқор жастардың бірі. Биыл Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім…
Құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы Жангелдин аудандық сотының судьясы Нұргүл Сәулен айтып берді (далее…)
В команде КХ «Буга П.И.» немало настоящих профессионалов, людей, которые искренне любят свою работу и…
Учреждение здравоохранения объявило конкурс на проведение текущего ремонта своих входных зон. На портале государственных закупок…
В последние годы государство уделяет большое значение сохранению лесного фонда области, учитывая те проблемы и…
Об этом нам рассказали в Доме творчества школьников (далее…)
This website uses cookies.