Сахнада тек аналар мен қыз-келіншектер өнер көрсетті.
Торғай төрінде Отан қорғаушылар күніне арналған «Ұранды ердің – ұрпағы қайсар» атты мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ерлік пен елдік ұлықталған тағылымды кеш өтті. Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде өткен шара көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Мерекелік жиынға қатысқан Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.
– Отан қорғау – бұл тек әскери міндет емес, ол – елге, жерге, халыққа деген шексіз адалдықтың, биік рух пен мызғымас ерік-жігердің көрінісі. Бейбіт өмір мен елдегі тыныштық – сіздердің ерен еңбектеріңіздің нәтижесі. Ел қорғау жолында тер төккен ардагерлеріміздің өнегесі – жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, Жангелдин ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Айбат Әбдір сала қызметкерлері мен ардагерлерге құрмет көрсетіп, марапаттау рәсімін өткізді.
Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Анар Мұратқызы мен Әжелер кеңесінің төрайымы Ләззат Жақсылыққызы жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ел қорғаны болып жүрген азаматтарға ақ тілектерін арнады.
Кештің көркемдік бөлімі көпшілік көңілінен шықты. Сахна төрінде патриоттық әндер шырқалып, отансүйгіштік рухтағы билер мен көркемсөздер орындалды. Концерттің басты ерекшелігі – сахнаға тек аналар мен қыз-келіншектердің шығуы болды. Ақ жаулықты әжелер мен мекемелерде еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер өнер көрсетіп, ер-азаматтарға деген құрметтің үлгісін танытты.
Кітапхана ұжымы сахналаған «Отан алдындағы борышын өтеу» қойылымы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, азаматтық парыздың маңызын терең жеткізді.
Сонымен қатар, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектептің қыз балаларынан құралған хор ұжымы «Жаным әке» әнін әсерлі орындап, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Хор жетекшісі – ұстаз Нұрлан Алмас.
Кеш барысында ақжаулықты әжелер немерелерімен бірге сахна төріне көтеріліп, «Сәулем-ай» халық әнін орындады. Ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған бұл көрініс көрерменді ерекше тебірентті.
Аудандық аурухана қызметкерлері Қарлығаш Әмірқызы мен Айдана Ерсұлтанқызы орындаған «Байқоңыр» әні де көпшілік тарапынан зор ықыласқа ие болды. Ал «Жылы ұя» балабақшасының «Бірлік» би тобы ұсынған «Көңілді қуыршақтар» биі кештің сәнін кіргізді.
Мерекелік кеш Қадір Мырзалиевтің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің әйгілі «Атамекен» әнімен қорытындыланды. Мекеме басшыларынан құралған хор орындаған туынды көрерменге ерекше әсер сыйлап, елдік пен бірліктің маңызын тағы бір мәрте айшықтай түсті.
Тағылымды шараның басты мақсаты – ер азаматтардың ел алдындағы еңбегі мен ерлігін дәріптеп, қоғамдағы орнына құрмет көрсету болды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер Жанкелдин ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен алынды
Барлық кезеңнен мүдірмеді. (далее…)
Доступ к природному газу обеспечен в селе Диевка Аулиекольского района. (далее…)
«Adishop» – балаларға арналған ерекше дүкен. (далее…)
Мероприятие, приуроченное к 90-летию образования Костанайской области, состоялось в актовом зале Докучаевской общеобразовательной школы. (далее…)
Со 2 по 12 мая зарегистрированы сразу несколько возгораний с присвоением пожарам различных рангов. (далее…)
This website uses cookies.