Жангелдин ауданында 3 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды
«Таза Қазақстан» жұмыстары жалғасуда.
Жангелдин ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша аудан аумағынан 2 987 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылып, тазалық жұмыстарына 4 872 адам қатысты.
Аудан әкімі Дінмұханбет Бидашевтің айтуынша, негізгі басымдық елді мекендердегі қордаланған қоқыстарды шығару, көшелер мен аулаларды ретке келтіру, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Аудан аумағында тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Негізгі мақсатымыз – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру. Жеті айда 1 405 аула тазартылып, 2 987 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды», – деді аудан әкімі.
Көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Биыл өңір бойынша 1 600 түп жасыл желек отырғызу жоспарланған. Оның 1 250-і сәуір айында егілген. Қалған көшеттерді күзде отырғызу көзделген. Ағаш көшеттері демеушілік қаражат есебінен алынған.
Дегенмен отырғызылған ағаштардың жерсіну көрсеткіші әзірге 65-70 пайызды құрап отыр.
«Биыл жоспарланған 1 600 көшеттің 1 250-і көктемде отырғызылды. Алайда ағаштардың шығымдылығы 65-70 пайыз шамасында болып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, жасыл желектердің жерсінуіне де көңіл бөлуіміз қажет», – деді Дінмұханбет Бидашев.
Сонымен қатар аудан аумағындағы 44 тарихи-мәдени ескерткіште тазалық жұмыстары жүргізілді. Білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы барлық нысандар да санитарлық шаралармен қамтылды.
Қоғамдық демалыс орындары мен саябақтарды абаттандыру аясында ағаш отырғызу, орындықтарды жөндеу және жарықтандыру құралдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ айына екі рет сенбілік ұйымдастыру жолға қойылған.
Ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында демеушілердің қолдауымен Бидайық ауылында балалар ойын алаңының элементтері орнатылды. Ал Торғай ауылында балалар ойын алаңы іске қосылып, алдағы уақытта оны қосымша жабдықтармен толықтыру жоспарланып отыр.

Жастарды еңбекке тарту және елді мекендерді абаттандыру мақсатында биыл «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 80 жас жұмысқа тартылды.
Тұрғындардың өтініштерімен жұмыс жүргізу де жалғасуда. «Таза Қазақстан» Telegram-боты арқылы аудан бойынша 26 өтінім келіп түскен. Аудан әкімінің мәліметінше, барлық өтінім қанағаттандырылған.
«Тұрғындардан келіп түскен өтініштер назардан тыс қалмайды. Telegram-бот арқылы жолданған 26 өтінімнің барлығы орындалды. Сонымен қатар халық арасында тұрмыстық қалдықтарды шығару тәртібі мен тазалықты сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде»,- деді аудан әкімі.
Дегенмен атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, тұрғындардың тазалық шараларына қатысу белсенділігі әлі де төмен. Бұл мәселе бойынша халықпен кездесулер өткізіліп, полиция бөлімі қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған.
«Жыл басынан бері халықпен екі рет есеп беру кездесуі өтті. Полиция бөлімі қызметкерлерімен, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.
Алайда әзірге нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Тазалық сақтау – тек мемлекеттік мекемелердің міндеті емес, бұл әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі», – деп атап өтті Дінмұханбет Бидашев.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау ғана емес, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру. Ал туған өлкенің көркеюі әр тұрғынның өз ауласы мен көшесіне деген жанашырлығынан басталады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31